Ел ісіне жаратылған жан

Қай кездерде де адамды адам ететін адал еңбектің құндылығы жоғалмайды. Əсіресе, қазіргі бəсекелестік өрістеген шақта еңбек адамының беделі жоғары. Олардың ғибратты ғұмырынан тəлім алу əр адамның ұстанымы. Өйткені, ел алдында құрметті болу – адал еңбекпен өлшенеді. Мейлі, кім болсын, халыққа жасаған жақсы қызметімен ел азаматы атанады. Осындай жандардың бірі – Байжұман ОМАРОВ. Бұл кейіпкеріміздің есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Оның еселі еңбегі жайлы жылы сөздер, жақсы лебіздер азды-көпті əр дəрежеде жазылып та, айтылып та жүр. Десек те, нағыз еңбек адамының өзгеше сипатына мəн беріп, өрнекті сөзбен ой толқытқанды жөн санадық.

Байжұман Жылкелдіұлы – Ұлытау ауылында өскен азамат. Кеңестік дəуірі кезінде №5 Бозшакөл фермасында еңбек жолын шопандықтан бастады. Туған жері, өскен ортасы Ұлытау өлкесі. 1981 жылдан бері аталған өңірде мал дəрігерлік қызметте.
Бүгінде аудандық ветеринариялық станциясында мал дəрігері болып қызмет атқарады. Оның жұмысы – ветеринариялық шараларды сапалы əрі уақытылы жүргізіп, қауіпті індеттерден адамдарды сақтандыру, инфекциялық, инвазиялық мал ауруларына кедергі қою, мал шығындарын азайту арқылы шаруашылықтарға келетін зиянды барынша болдырмау, жануарлар өнімдерін арттыру жəне саулығын сақтау бағытында жұмыс жүргізу. Осы негізде ветеринария саласының рөлін жұртқа егжей-тегжейлі түсіндіріп жүргені. Мұнымен қоса, қоршаған ортаның ластанбауына, оның тазалығына, зоогигиеналық талаптарды сақтауға үлкен мəн беретін кісі. Кейде шаруаларға дауыс көтеріп: «Жаңадан мал сатып алғанда, аяқ астынан малдарын өлім-жітімге ұшырағанда дереу ветеринария саласының мамандарына айтпайсыңдар ма?» деп ашуға мінетін кездері бар. Себебі, адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы жəне инвазиялық паразитарлық аурулар өте көп, оларға бруцеллез, туберкулез, құтыру, сібір жарасы сияқты аурулар жатады. Бұл аурулар малдардан адамдарға жұғуы мүмкін. Осының алдыналу мақсатында Бəкеңнің мал иелеріне қатты айтатын реті бар. Бұл Байжұманның өзіне ғана тəн ерекшелігі. Ол бір мəселені қозғаса оны шегіне жеткізгенше дамыл таппайтынын білеміз. Мұнысы оның бойына біткен қасиеті дер едім. Өйткені, ол өзіне жүктелген тапсырманы ешқашан аяқсыз қалдырған емес, бəрін абыроймен атқарады. Адамның көңілінен шығып, сеніп тапсырылған жұмыста сенімге сызат түсірмейтін жан.
Ауданнан шалғайда орналасқан Қоскөл ауылына да барып, өзінің қарым-қабілетін көрсетіп келді. Жас мамандарды даярлауға үлкен үлес қосты. «Өзі жақсы кісіге қай жерде де екі кісілік орын бар» дегендей ол жерде де Байжұман Жылкелдіұлының беделі қажырлы еңбегі, көпшіл мінезі, адамгершілік қасиеті қоскөлдіктерге де ұнады. Ветеринария саласының қыр-сырын жетік меңгерген ол бұған дейін де мол тəжірибе жинаған білікті маман. Қазір Қоскөл ауылындағы мал басын аурудан тазартты. Бұл əрине, Байжұманның біліктілігі мен табандылығының арқасында жөнге келтірілген шаруа .
Бүгінге дейін Ұлытау мен Қоскөл ауылдарының ветеринариялық жұмыстарын қоса атқарып келген ол ауыл тұрғындарының да көңілінен шықты. Сенімдерін ақтады. Өз келбетіне көлеңке түсірмеді. Бастаған ісін абыроймен атқарды. Негізі Бəкең өз саласының кəнігі маманы. Ауырған малдарды айықтырамын деп түрлі екпе жұмыстарын жасағанында көрдік. Тіпті кейбір кездерде малдарға ота жасайтын қабілеті де бар. Айта берсек, аудандық ветеринария саласына сіңірген еңбегі зор.
Ең бастысы, Байжұман Жылкелдіұлының ары таза елінен алғыс алған азамат. Əрине, өмір бойғы еңбегі тиісті марапаттармен айшықталып жатса, ол да артық емес еді. Бұл жағынан Байжұман ағаның еңбегі жан-жақты бағаланып, тиесілі марапаттарды толық алды деп ауыз толтырып мақтана алмаспыз. Бірақ, қандай марапат болса да адамның бітім болмысына, адами қасиетіне толық өлшем бола алмайтыны рас. Адамның азаматтығы халықтың берген бағасымен өлшенеді емес пе?! Осы тұрғыдан алғанда ол халықтың құрметіне бөленіп жүрген жан.
Бүгінде жасы 62-ге толып отырған жаны жайсаң азаматтың өмірі мен еңбек жолын тізбелеп айта берсек, əңгімеге тиек етерлік жайттары көп болары анық. Ал, қысқаша қайырғанда, өз еңбегі арқылы ел-жұртының сый-құрметіне бөленген Байжұман Омаров зайыбы Орынкүл екеуі бір ұл, екі қыз тəрбиелеп өсірген бақытты шаңырақтың иесі болып отыр. Қазіргі күні ұл-қыздарынан өрбіген жеті немеренің шат күлкісіне бөленіп отырған жандар. Еңбекте де отбасында да үлгілі атпал азаматтың жақсылығын, адал еңбегін аудан жұртшылығына жайып, танытудың өзі лəзім емес пе?! Халық «Еңбегімен – елге сыйлы» деп осындай адамды айтқан ғой.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.