Екінші ядролық станса салатын аймақты таңдау Үкімет пен Парламентке жүктелді
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергия тапшылығы артып келе жатқанына тоқталды.
«Алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет.
Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым», – деді Мемлекет басшысы.
Президент жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтауды міндеттеді.
«Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды.
Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық», — деді Президент.