Еңбек еленген күн

Республика күні аясында аудан әкімдігінде салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл игі шара қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың қажырлы еңбегіне құрмет көрсетуге арналды.

Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов, мекеме басшылары, сала мамандары және еңбек майталмандары қатысты. Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, ел дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген қызметкерлерге алғысын білдірді.
– Республика күні – ел тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны. Осы орайда өз саласында табанды еңбек етіп, қоғам игілігіне үлес қосып жүрген барша азаматтарға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің еңбектеріңіз – ел дамуының берік тірегі, – деді Алмат Қайратұлы өз сөзінде.
Шара барысында кәсіби мерекелерге орай кітапхана саласының қызметкерлері, әлеуметтік қорғау жүйесінің мамандары, ауыл шаруашылығы санағына белсене қатысқан азаматтар, сондай-ақ құқық қорғау саласының қызметкерлері аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Марапат иелері аудан басшылығына өз ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да туған жердің өркендеуі жолында аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.
Осындай мерекелік шаралар – елдің дамуына үнсіз үлес қосып жүрген жандардың еңбегін бағалаудың, қоғамда сыйластық пен ынтымақты арттырудың жарқын көрінісі. Республика күні – ел бірлігін айшықтайтын, еңбекті елейтін мереке. Бұл күні ауданның әр саласында абыроймен еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі лайықты бағаланды.

Аманкелді АҚШАЛ.