Еңбек ардагері ардақталды
Бүгін аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ Ұлытау ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сəрсен БЕКТЕМІСОВТІ 80 жас мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды аудан əкімінің баспасөз қызметі.
Басқосуда аудан басшысы өңірдің өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген абзал жандардың жарқын жолы мен ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі етіп, лайықты құрмет көрсету игі дəстүрге айналғанын атап өтті.
– Құрметті Сəрсен Баймұханбетұлы, бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Еңбек жолыңызды кеңестік шаруашылықта қатардағы жұмыскерден бастап, басшылық қызметке дейін көтеріліп, аянбай еңбек еттіңіз. Елдің бірлігі мен берекесін берік қалауға күш-қайратыңызды жұмсадыңыз. Қазіргі уақытта аудандық ардагерлер кеңесінде абыроймен еңбек етіп, артыңыздан ерген жас буынға ағалық қамқорлығыңызды көрсетіп келесіз, – деді аудан əкімі өз құттықтауында. Аудан əкімі мерейтой иесіне «Құттықтау» табыстап, сый-құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ташенов облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітовтің құттықтауын табыстады.
Өз кезегінде сөз алған мерейтой иесі аудан басшылығына зор алғысын білдіріп, ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарына сəттілік тіледі.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.