«Әділет» партиясының Ұлытау облыстық филиалының басшылық құрамы жасақталды

«Әділет» партиясының облыстық филиалында конференция өтіп, оның қорытындысы бойынша филиал басшысы, Саяси кеңес мүшелері және Бақылау-тексеру комиссиясының құрамы сайланды.

Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Конституция – Жаңа Дәуір» атты үндеуін қолдау мәселесі қаралды. Сонымен қатар, қатысушылар партияның облыстық филиалының басшылық құрамын жасақтау мәселелерін талқылады.

Ашық дауыс беру нәтижесінде облыстық филиалдың басшысы болып Ақжол Құрмансейіт сайланды. Ол мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызмет саласында көпжылдық тәжірибесі бар маман. Жаңа қызметінде облыстық филиалдың жұмысын үйлестіруді, партияның бағдарламалық мақсаттарын жүзеге асыруды және азаматтармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Конференция барысында филиалдың 36 мүшеден тұратын Саяси кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. Сонымен қатар Саяси кеңес Бюросының құрамы да сайланып, партияның өңірлік деңгейдегі қызметін үйлестіру жұмыстарының жаңа кезеңі басталды. Бақылау-тексеру комиссиясының да құрамы бекітілді. Комиссия партия қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, ішкі бақылау тетіктерін жетілдіруге және ұйым жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған міндеттерді жүзеге асырады.

Басшылық құрамның жасақталуы «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалын құрудың ұйымдастырушылық кезеңін аяқтады. Алдағы уақытта филиал өңір тұрғындарымен жүйелі жұмысты жолға қойып, партиялық бастамаларды іске асыруға, сарапшылар қауымдастығымен, кәсіпкерлермен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылды дамытуға кіріседі.