Дәридай… – деген екен

«…ДЕНІ ДҰРЫСТАУ КАБИНА КЕРЕК»

1980 жылдардың аяқ кезі. Айтыс ақыны Мұқаш Сейтқазинов сол жылдары Ұлытау ауданы, «Шеңбер» кеңшарында кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет істейді. Қызмет көлігі – шаруашылық бөлген ескі жүк УАЗ автомашинасы.
Бір сәтсіз күні жол апатына ұшырап, машинаның белтемірі (рама) майысып, кабинасы жапырылып, ұсқынсыздау қалыпқа енеді. Сәтін салғанда, жүргізуші екеуі де дін аман. Белтемірі сол қисайған, кабинасы сиықсыз болса да, машина ілдебайлап жүруге жарайды. Оны қалпына келтіріп беруге кеңшардың мүмкіндігі бола қоймапты.
Мұқаш әрі ойлап, бері ойлап, көмек сұрау мақсатында сұрықсыздау УАЗ-ымен шаруашылығы дүрілдеп, «желі оңынан соғып» тұрған, астық өндіретін көршілес «Терісаққан» кеңшарына барады. Кеңшар директоры Жарқынбек Бөлендин – өзінің бала кезінен тай құлындай тебісіп, бір ауылда өскен досы. «Бетімді қайтара қоймас» деген іш пікірі бар.
Бұлар барғанда Жақаң шаруашылықтың бас мамандарымен жиналыс өткізіп жатса керек. Алыстан келген сыйлы қонақ сыртта күте ме, директордың кабинетіне олар да кіріп жайғасады. Жиналыс аяқтала келе Жарқынбек Мұқаштан не шаруамен жүргендерін, қандай бұйымтайы бар екенін сұрайды ғой. Сонда Мұқаң Жақаңа үн-түнсіз ғана мынадай өлең шумақтары жазылған бір парақ қағазды ұсына қойыпты:
Директор емес, досым деп келдім,
Көтерер көңіл хошын деп келдім.
Қолыңнан келер шаруа болған соң,
Дұрыс болар-ау осым деп келдім.
Балапан қанат қағар ұяда,
Қырандар ұшар дара қияда.
Машина – быт-шыт, өзім – аманмын,
Ұрынып қалдым аварияға.
Өзіңді жұртым тани ма бөлек,
Көп жанға бердің фәниде көмек.
Белі «құныстау» «Уазигіме»
Дені дұрыстау кабина керек».
Мәселенің мән-жайын мезетінде ұғынған мәрт мінезді Жарқынбек екі сөзге келмей, өлең жазылған қағазға былай деп бұрыштама соғыпты.
«Бас инженерге! Тез арада машинаның рамасы қалпына келтіріліп, жаңа жаңа кабина салынсын!»
Ол кезде директордың тапсырмасы талқылауға жатпайтын, қолма-қол орындалатын заман.
Шаруасы демде шешілген Мұқаш Жақаңның үйінен қонағасы жеп, пәс көңілі тоғайып, астында – су жаңа дерліктей УАЗ, ауылына хош көңілмен қайтыпты.

«АЙНАЛАЙЫН СЕЙТҚАЗИНОВ…»

Қалың қауымға «Дәридай» әуенімен танымал айтыстың айтулы ақтаңгері, ұлытаулық Мұқаш Сейтқазинов – той-думанды басқаратын асабалық өнердің де хас шебері.
Өзінің айтуына қарағанда, «асаба» деген сөз «Айналайын Сейтқазинов, ал барыңды аяма», ал «тамада» деген ұғым «Тағы, айналайын Мұқаш алдымызда дәл анадағыдай» деген сөйлемдер құрамындағы сөздердің бастапқы әріптерінен шыққан екен…

Қ-А-Б-Ы-Л-Б-Е-К

Мұқаштың институтта оқитын кезі. Қасында әзіл-қалжыңы жарасқан Қабылбек дейтін курстас досы бар. Екеуі де реті келген жерде ішімдікке «кет әрі» емес. Әрине, студент байғұстың қалтасы үнемі «тесік» болатыны белгілі. Ауылдан ара-тұра бес-он сом келгенде, қолдарына стипендия тигенде «аттың басын жіберіп» алады ғой жарықтықтар. Оның өзінде бағасы арзандау болған соң қызыл арақ ішетін болса керек. Қалталарына сәтімен азды-көпті қаржы түсіп, жатақханада қызыл арақты құмарлана сіміріп, дуылдатып отырған бір күні Мұқаш қызара бөрткен досынан:
– Осы сен есіміңді неге Қабылбек қойғанын білесің бе? – деп сұрапты.
– Қайдан білейін? – дейді Қабекең аң-таң болған күйінде.
– Білмесең, енді біліп жүретін бол, – депті, сонда Мұқаш. – Сенің есіміңді «Қызыл арақты бар ықыласымен лақылдатып бөтелкеден еметін керемет» деген сөйлемнің бас әріптерінен құрастырып қойған.
Қызыңқырап қалған Қабылбек досының сөзіне қарсы қояр уәж таппай, басын еріксіз шұлғи беріпті.

С-Е-Р-І-К

Мұқаштың институт қабырғасында қатар оқыған, «жарты нанды бөліп, жарты құртты жарып жеген» Серік есімді досы болады. Оның өзгелерден көзге ұрып тұратын өзгешелігі ұзынтұра, арықша келген, сидаң жігіт болса керек. Түлен түртті ме, кім білсін, Мұқашқа бір күні Серік өзі соқтығып:
– Сенің жіктеп-жіліктеп, талдап жүргендерің бірыңғай жеңіл сөздер. Мықты болсаң, менің есімімді талдап берші, – дейді ғой. Сонда Мұқаң Секеңнің тұла бойына тінте қарап тұрып:
– Сүйегіне еті ретсіз іліккен көтерем, – деген екен.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.