Дүбірлі доп додасы өтті

Аса танымал командалық ойын түрі – футболға деген балалардың қызығушылығы соңғы кездері арта түсуде. Аудан орталығында осы спорт түрінің жанкүйерлері мен ойыншылары көптеп табылады. Оған Ұлытау ауданының 85 жылдығына орай футболдан өткен облыстық балалар фестивалі – жанды айғақ.

Аталған жарыс бұған дейін Ұлытау ауданының футбол бапкері Бекзат Сыздықовтың қолға алуымен екі жыл қатарынан аудандық деңгейде өткен. Биыл фестивальдің ауқымы кеңейіп, облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Бұл жолы да футбол ойыны Ұлытау ауданының орталық стадионында өтті.
Жарасымды бәсекені ұйымдастырушы әрі оны жоғары талап деңгейінде өтуіне басшылық жасаушы облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және Ұлытау облысының спортты дамыту орталығы болды. Осымен үш мәрте ұйымдастырылған спорттық шараның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек қатысып, Ұлытау ауданында спортсүйер қауымның асыға күткен футбол ойыны аймақтағы шоқтығы биік бәсекелердің біріне айналғандығын ерекше атап өтті.
Дүбірлі доп додасына Жезқазған, Сәтбаев, Жаңаарқа, Ұлытау өңірлерінен бас-аяғы 14 команда қатысты. Бәсекелі сын 2009 жылы туған жасөспірімдер мен 2016 жылы туған жас жеткіншектердің арасында өтті. Жарыс барысында жас спортшылар шағын футбол турнирінен, допты бағанға тигізу және ала допты түсірмей тебу сияқты спорт түрінен сынға түсті. Сонымен қатар, «Отбасы кубогі» сайысы аясында бақ таластырды. Нәтижесінде, бағы мен бабы келіскен командалар жүлдегерлер санатына ілікті. Әуелі шағын футбол турнирінде 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер бақ сынасты. Бұл ойында үшінші, екінші орынды Жаңаарқа командасы иеленді. Бірінші орын Ұлытау ауданының командасына бұйырды. Одан кейін футбол алаңына 2011- 2012 жылы туған жасөспірімдер шықты. Солардың арасында үшінші орынды Жаңаарқа, екінші орынды Сәтбаев қаласының спортшылары иеленді. Бірінші орын жүлдесі Жаңаарқа командасының еншісіне тиді. 2013- 2014 жылы туған жасөспірімдер айла-тәсілімен көзге түсті. Бұл жолы үшінші орынды Ұлытау командасы алды. Екінші орынды Жезқазған командасы еншілеп, бірінші орынды «Ұлытау-2013» командасы иемденді. Шағын футбол турнирі 2015-2016 жылы туған жасөспірімдердің ойынымен түйінделді. Бұл ойында екінші орынды Ұлытау командасы, бірінші орынды АDS Жезқазған командасы қанжығалады.
Бұдан кейін тартысты бәсеке бағанға доп тигізу сайысымен жалғасты. Оған 2009-2012 жылы туған жас футболшылар қатысты. Жекеленген сында үшінші және екінші орынды Сәтбаев қаласының ойыншылары Нәби Аманжол мен Ілияс Оразалы жеңіп алды. Бірінші орын тұғырынан ұлытаулық Ералы Қуаныш көрінді. Допты түсірмей тебуде жезқазғандық қос өрен Мейірлан Жұманов пен Алдияр Бейсен үшінші, екінші орынды иемденді. Осы сайыста «Ұлытау-2013» командасының ойыншысы Нұрсұлтан Сералының бағы жанды. Бірінші орын алып, топтың алдына шықты.

***

«Отбасы кубогі» сайысында әкелі-балалы жеті команда әдемі ойын өрнегін көрсетті. Қорытынды есепте Торғаевтар отбасы үшінші орынды, Сыздықовтар отбасы екінші орынды алды. Әбдіпатаевтар отбасы әу бастан жақсы дайындықпен келгендерін айқын танытты. Допты қақпаға дәл бағыттап, еш қиындықсыз тоғытып жатты. Шешуші сәтте бірінші орынға Әбдіпатаевтар отбасы иеленді. Әбдіпатаевтар отбасына фестиваль серіктестігі In Drive халықаралық компаниясы тағайындаған жүлде тапсырылып, футболдан Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына жолдама берілді. Сондай-ақ, фестивальге ҚР чемпионатының І лигасында өнер көрсеткен FC «UYTAU» былғары доп шеберлері қонақ ретінде шақырылып, футболды тамашалап отырды. Кәсіби футболшылар ойын соңында Ұлытау ауданының футбол бапкері Бекзат Сыздықовқа құрмет көрсетіп, клубтың жейдесі мен ойыншылардың қолы қойылған теңбіл допты сыйға тартты. Осылайша, аудан орталығында өткен ала доп ойыны жанкүйерлеріне керемет футбол мейрамын сыйлады.
Жеңімпаздар және жүлдегер командаларға дипломдар мен кубок, медальдар табысталды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.