Биыл Жезқазған және Сәтбаев қалаларының ТКШ нысандарын жаңғыртуға 3 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Үкімет отырысында өңірдегі жылумен және электрмен жабдықтау нысандарын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ол биыл Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы жылумен және электрмен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға бағытталған жалпы құны 3,3 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Электрмен жабдықтау бойынша электр желілері кәсіпорыны “Kazakhmys Distribution” ЖШС тарапынан құны 322 млн теңгені құрайтын 3 жоба. Қазіргі уақытта екі жоба бойынша мердігерлер айқындалды. Жобаларды қаржыландыру “Halyk Bank” АҚ арқылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Келісім шарттарды жасасуға қажетті құжаттар қазіргі таңда “Halyk Bank” акционерлік қоғамы Кредиттік комитетінің қарауында. Бір жоба бойынша қайта конкурс жарияланды. Жылумен жабдықтау саласы бойынша «Жылу энергетикасы кәсіпорны» ЖШС-нің жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын 2 жоба. Екі жоба бойынша да конкурс жарияланып, өтінімдер қабылдануда»,
— деп атап өтті Есет Байкен.
Сондай-ақ ол 2027 жылға ТКШ жаңғырту бойынша жалпы құны 3,7 млрд теңге болатын 6 жобадан ұсыныс әзірленгенін айтты.

