Баспасөз саласының жүйрігі
Ізтай Белгібайұлы – асқаралы 60 жас белесінде
Əріптесіміз Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ – Ұлытау аймағындағы Алла берген дарынды, қабілеті қарымды, шабыты тау суындай арынды, ойы ұшқыр, қаламы үшкір жүйрік журналистердің бірі ғана емес бірегейі. Ол өзінің журналистік еңбек жолын туып-өскен жері, қасиетті қара шаңырағы Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» (қазіргі – «Ұлытау») газетінде бастап, оқырман қауымға талантымен танылды. Осы басылымда табан аудармай 18 жыл жемісті еңбек етіп, кейін қалаға қоныс аударды. Жезқазған қалалық «Сарыарқа», Сəтбаев қаласының «Шарайна» газеттерінде жауапты қызметтер атқарып, дарынымен даусыз дараланды.
Орнықтылығымен ерекшеленетін ол қайда қызмет істеседе өзінің қанатын қатайтып, ұядан ұшырып, талантын халыққа танытқан «Ұлытау» газетін бір сəтте де ұмытпай, үзбей мақала жіберіп тұрды. Аудан аумағындағы шаруашылықтарды аралап, олардың жетістіктерін жеріне жеткізе жазып, көлемді əрі салмақты материалдар берді. Мейлінше мағыналы дүниелер – ойлы очерктер, суреттемелер, репортаждар жазды. Оның қаламынан қағытпалар да қағыс қалмайтын. Ізтай өрісі кең, өресі биік тамаша талант иесі екенін жалпы жұртшылыққа жария етіп, бұқара халыққа танытқан, қанатын қатайтып, ұядан қияға ұшырған «Ұлытау» газеті өзін шыңдаған шеберхана екенін бір сəтке де есінен шығарған емес. Бұл – адамдықтың, азаматтықтың айғағы. Ол осы газет қабырғасында жүріп, өзінің өмірлік серігі Жансұлумен отбасын құрды. Шүкіршілік, казір балалы-шағалы, шаттығы шалқыған шаңыраққа айналды.
Жүрегі жалынды, қаламы қарымды əріптесіміз бүгінгі күні де өзінің ұшқан ұясы «Ұлытау» газетінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Ұлттың ұлағат тұнған қасиеттерін бойына молынан сіңірген, адамгершілігі асқақ, адам атаулыны жатырқамайтын, мінезі ашық, пейілі кең, өз кəсібінің шынайы шебері саналатын ерен жүйрік журналист Ізтайдың еңбегі қашанда өзінің лайықты бағасын алып келеді. Ол «Қазақстан Тəуелсіздігінің мерейтойлық медальдарымен, «Ауған соғысы ардагерлерін насихаттағаны үшін» төсбелгісімен, ІІ-ІІІ дəрежелі «Еңбек даңқы» медальдарымен марапатталған. Түрлі деңгейдегі көптеген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттардың иегері.
Өз басым Ізтайды «менің шəкіртім» деп мақтан етемін. Ол – мақтан етуге тұрарлық азамат.
Уақыт – зымыран! Кеше ғана газет редакциясының есігінен имене енген жас жігіт, бүгінде ізімді басқан сол Ізтайым асқаралы 60 жастың есігін айқара ашып, табалдырығын нық басып тұр.
Баспасөз саласының сəйгүлігін азаматтың жасы, үлкендіктің басы – 60-қа келуімен алыс-жақындағы барша əріптестерінің атынан шын жүректен құттықтаймын! Өзіне, отбасына өмірдегі жақсылық атаулының бəрін тілеймін. Қаламы мұқалмасын, шабыты шалқи берсін!
* * *
Жүрекжарды жазбамды төмендегі өлең шумақтарымен түйіндеуді жөн санадым:
Өміріңе сенің қанықпын,
Қабілетіңді елге таныттың.
Еңбегің сіңіп еліңе,
Батасын алдың халықтың.
Сөйтіп жүріп, сен, міне,
Алпысқа келіп қалыпсың.
Журналист жүйрік, дарынды.
Қабілетің мықты, қарымды,
Алғысын артқан халықтың
Жетектектеп жүрсің нарыңды.
Халықтың адал ұлысың
– Таза ұстаған арыңды.
Қанатыңды қатайтып,
Ұшырған алтын ұяңнан,
Ұмытпа қара шалыңды!
* * *
Құтты болсын 60 жасыңыз,
Жетпіс-сексеннен асыңыз.
Тоқсанға да тоқтамай,
Жүзді де нық басыңыз!
* * *
Тілек осы айтатын дос-ағалық,
Шаңырақ биік болсын, босағаң нық.
Ұрпағыңның қуаныш-қызығын көр,
Қосылған қосағыңмен қоса ағарып!..
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы