Баспасөз – өмірімнің бір бөлшегі
Өмір дегеніміз ол да бір мектеп қой. Расында «Ұлытау» газеті редакциясы мен үшін үлкен мектеп. Әуелі корректор, кейін жауапты хатшы болып осы салада 40 жылдай еңбек еттім.

Менің мамандығым бастауыш сыныбының мұғалімі болатын. №1 Ұлытау орта мектебінде мұғалім болып жүрген кезім еді. Бір күні көшеде Батырбек Мырзабеков кездесіп қалды да амандық-саулықтан кейін:
– Гүлдариға, біздің газетке корректор болып келсең қайтеді?-деген ұсыныс айтты. Сол кезде Батырбек Мырзабеков аудандық «Ұлытау» газетінде жауапты хатшы болатын. Бастапқыда корректор деген қызметті түсінген жоқпын. Түсінбеген соң Батырбек ағаға қарсы сұрақ қойдым.
– Корректордың міндеті қандай? Бірінші соны түсіндірмейсіз бе? – дедім. Батырбек аға маған қарап күлді де корректордың міндетін жан – жақты түсіндіре бастады. Сондағы бар ұққаным «егер бір тыныс белгісінен қате жіберсем, басым кетеді екен» деп түсіндім. Содан кейін қорқып кеттім де:
– Жоқ, басым кететін жерде нем бар, одан да балаларды оқытып жүре бермеймін бе?-деп ат-тонымды ала қаштым. Бірақ, Батырбек аға бұл айтқаныма келісе қоймады. «Біз газетке сауатты маман таптық, ал оның келгісі жоқ деп райкомға хабарласақ, бәрібір келісесің ғой. Одан да көп сөзді қойып, іске кіріс» дегені әлі есімде. Содан кейін үйге келіп көп ойландым. Ақыры ойлана келе, бұлдана бергенім болмас деген шешімге келіп, 1975 жылдың мамыр айында «Ұлытау өңірі» газетіне корректор болып жұмысқа орналастым.
Шынында да корректорлық жұмыс бас кетіретіндей қиын екен. Газетте бір қате кетіп қалар болса кінәні табу үшін бірден «корректор қайда қараған» деген әңгіме қозғалады. Осыдан-ақ, корректорға қойылатын талаптың қандай екенін біле беріңіз. Сондықтан, газеттің әрбір шығарылымын дайындау барысында неғұрлым мұқият болуға тырысасың. Корректорлық жұмысты атқара жүріп, қолым босаған кезде жауапты хатшыға да көмектесетінмін. Кейде жауапты хатшы болмай қалған кездерде ешкімге салмақ салмай, оның міндетін атқара беретінмін. Осы қабілетімді редактор байқаса керек. Бірде мені кабинетіне шақырып алып: — біздің жауапты хатшы облыстық газетке кеткелі жатыр. Оның орнына сен боласың деген де аң-таң болып қалғаным рас.
– Аға-ау, менің жоғары білімім жоқ қой дегенше, редактор сөзімді түсіне қойғандай:
– Жоғары білімнің қажеті жоқ, ең бастысы, газет қалай макеттелу керек, қай материалды, қай жерге орналастырған дұрыс? Соны білесің ғой. Сондықтан, осы жұмысты өзің атқарасың-деді.
Амал бар ма, көнбеске лажым болмады. Редактор айтқаннан кейін «Ұлытау өңірі» газетінің жауапты хатшысы болып шыға келдім. Содан бастап, зейнет жасына жеткенше жауапты хатшы болып қызмет еттім. Сол кезде Көбейсін Еңсебаев, Төлеухан Оразбеков, Мағзұмбек Машайықов, Елтынды Дүйсенбаев сияқты редакторлармен қызметтес болдым. Бір мақтанарлығым, осы редакторлардың ешқайсысы менің жұмысыма мін таққан емес. Бұл да өз ісіме жауапкершілікпен қарағанымның нәтижесі шығар.
Қазір өткенге көз жіберсем, редакцияда қызмет жасаған күндерім мен үшін үлкен бір естелік болып қалды. Биыл газеттің жарық көргеніне 85 жыл толып отыр. Бұл да былай қарағанда аз уақыт емес. Қаншама ұрпақ өзіне рухани азық тапты. Қаншама журналист қаламын ұштады. Бүгінде қасиетті жер рухын тұтастырып «Ұлытау» деген атпен жарық көріп жатқан басылымның журналистеріне шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тіледім!
Гүлдариға СЫЗДЫҚОВА.
