Бас жүлде – әжелерімізде

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткен І облыстық Әжелер ансамблінің фестиваль-байқауы өнер мен рухани тәрбие тоғысқан мазмұнды шара болды. Байқауға Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан, Жайрем кентінен, Ұлытау және Жаңаарқа аудандарынан, сондай-ақ Талап пен Кеңгір ауылдарынан келген әжелер ансамбльдері қатысты.

Фестивальдің басты мақсаты – ел тарихындағы ерлік пен еңбекке толы жылдарды ұрпақ санасына сіңіріп, ұлттық өнерді насихаттау. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар соғыс жылдарындағы әндерді орындаса, екінші кезең халық әндеріне арналды. Әжелердің әсерлі үні мен жүрек тебірентер әндері көрермендерге ерекше рух берді.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың Бас жүлдесі Ұлытау ауданының ансамбліне бұйырды. Олар бірінші орынды иеленіп, 300 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Ұлытау ауданының «Асыл әже» ансамблі – ауданның мақтанышы. 2015 жылы шағын құрамда құрылған ұжым бүгінде 17 мүшесімен өнер көрсетіп жүр. Ансамбль мүшелері кезінде 1975 жылы құрылған әйгілі «Тау гүлі» ансамблінің белсенді қатысушылары болған. Бүгінде олар сол дәстүрді лайықты жалғастырып келеді. Ұжым репертуарында халық және патриоттық бағыттағы 20-ға жуық ән бар.
Әжелеріміздің өнегелі өнері – өскелең ұрпаққа үлгі. Бұл фестиваль олардың өнерін дәріптеп қана қоймай, елге сіңірген еңбектеріне құрмет көрсетудің жарқын үлгісі болды.

Ізбасар ОЙБАС.