Балғын дзюдошылар додасы
Күні кеше Сəтбаев қаласында дзюдо күресінен облыстық ашық біріншілік өтті. Бəсекелі тартыс 2012-2013 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды.
Жарысқа «Ұлытау облысы дзюдо федерациясы» ҚБ тарапынан басшылық жасалды. Мақсаты – жасөсіпірімдер арасында дзюдо күресіне деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау болды. Осы негізде, олимпиадалық спорт түрі санатын дзюдо күресіне облыс аумағынан 200-ге жуық үміткер қатысып, боз кілемде бағын сынады.
Сындарлы сайысқа Ұлытау ауданы атынан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен жəне Жезді кентінен жас балуандардан құралған қос команда қатысты. Жарыс əуелі 21 келі мен 35 келі салмақ арасында басталып, одан кейін 38 бен (+55) салмақ дəрежесінде жалғасты. Жалпы, белдесу 12 салмақта өтті.
Нəтижесінде, 26 келі салмақ дəрежесінде Хақнар Серік (Ұлытау), 29 келіде Елнұр Өмірбек (Ұлытау) – жүлделі үшінші орыннан көрінді. 32 келіде Əміре Сабыр (Жезді) – үшінші орынға иеленсе, осы салмақта күш сынасқан Нүриден Серік (Ұлытау) – екінші орынға иеленді. 38 келіде өнер көрсеткен жезділік Мансұр Елімбай қарсылас шақ келтірмей, белдескенін қоғадай жапырды. Ақтық сында қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, асығы алшысынан түсті. Сөйтіп өз салмақ дəрежесінде жеңіс тұғырына көтеріліп, бірінші орын алды. Ал, 50 келі салмақта сынға түскен ұлытаулық Арсен Серікбай үшінші орынға қолжеткізді.
Ұйымдастырушы тарап жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дипломдармен, медальдармен жəне бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.