Бақұл бол, қадірлі қаламдас!
Қазақ руханияты тағы бір марғасқа ұлынан айырылды. Жаны жайсаң азамат, қарымды қаламгер, ақын – Нұрперзент ДОМБАЙ 63 жасқа қараған шағында өмірден озды. Хакім Абайдың «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы…» деп көкірегі қарс айырылғанда, қандай күйде болғанын кім білген?! Адамның өмірге келуі қандай табиғи болса, өмірден өтуі де сондай заңды. Десек те, кісі жүрегі қимайтын асылтекті азаматтар жетерлік… Нұрперзент аға солардың бірі еді…
Пайғамбар жасына дейінгі зерделі өмірінде талай белестерді басып, талай асулардан асқан еді ол. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген Нұрперзент еңбек жолын Ұлт ұясы атанған Ұлытаудың баурайындағы Ұлытау ауданының айнасы – «Ұлытау өңірі» газетінде бастады. Өзінің қаламы қарымды журналист екенін көрсетті. Ұйымдастырушылық қабілетімен де танылып, сол кездегі аудан басшыларының көзіне шалынды. Аудандық партия комитеті оны қызметке шақырды. Оның партия, кеңес қызметіндегі еңбек жолы осылайша басталды.
Қаламды серік еткен жан қашанда одан қол үзіп кетпесі анық. Нұрекең де журналистиканы басыбайлы тастап кетпеді. Сол кездегі Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде бөлім меңгерушісі, кейін аймақтық «Мысты өңір» газетінің редакторы, «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. 2008 жылдан «Ана тілі» газетінде қызмет еткен еді.
Ол – өзі қызмет еткен мерзімдік басылымдардың жұмысын қыздырып, өнегелі істерімен ортасының қошеметіне бөленген жан. Өзгелер атақ пен даңқтың соңына «шам алып» түскенде, Нұрперзент өнімді еңбек етіп, жинақтарын шығарып жататын. Және кітаптары үшін әлдекімдерге бәлсініп, арзан мәртебеге ұмсына бермейтін.
…Жаны жайсаң жан туралы айтылар жақсы лебіздердің көп екенін қолыма қалам алғанда сезіп отырмын. Әттең, соны көзі тірісінде, мерейтойларында айта алмағанымыз өкінішті-ақ…
Енді міне, сол ыстық ықылас пен ақжарма тілектер естелікке айналды. Оның қоңыр да қою дауысы құлағымыздың түбінде қоңыраулап тұрғандай. Сабырлы, салқынқанды қалпы, бекзат болмысы көз алдымда тұр.
Бақұл бол, қадірлі қаламдас!
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ