Азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалуы: Үкіметте 2025 жылғы егін жинау науқанының барысы қаралды
Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында егін жинау науқанының уақтылы әрі сапалы өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін азайту жұмыстарының маңызды екенін атап өтті. Осы стратегиялық міндетті іске асыруға ықпал ететін басты шарттардың бірі – егін орағын сапалы өткізу.
Үкімет тарапынан егіс жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Ауқымды қаражат бөлінді. Шаруаларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Енді алқап басындағы жұмыстарды уақтылы аяқтау керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мемлекет басшысы өткен аптада егіншілермен болған кеңесте осыны ерекше атап көрсетті»,
— деді Олжас Бектенов.
Қазіргі таңда еліміз аумағында егін жинау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Оңтүстік өңірлерде аяқталуға жақын. Алдын-ала нәтижелерге оң баға беріліп отыр.
Сонымен қатар жанармай мәселесіне ерекше назар аударылды. Барлық қажетті көлем қолданыстағы кестеге сәйкес жеткізілуі тиіс, деп атап өтті Премьер-Министр.