Қажымас қалыпшы

Құю-механикалық учаскесінде еңбек ететін əр адамның берілген тапсырыстың сапалы орындалуында өзіндік орны бар. Бұл салада, əсіресе, қалыпшылар басты рөл атқарады. Өйткені, олардан шынайы іскерлік пен кəсіби дəлдік талап етіледі.

Міне, осы іске машықтанған мамандардың бірі – Марғұлан Қоштаев. Ол 2005 жылдан бері осы кəсіпті меңгеріп, оны мінсіз атқарып келеді.

«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дейді халық даналығы. Марғұланның ұстазы да мықтылардың мықтысы болатын. Мұны осы азаматтан тəлім алып, кəсібін меңгерген кез келген қалыпшы айтады. Ол – Серік Түлкібаев деген азамат. Марғұлан осы Секеңнің шəкірті болғанына күні бүгінге дейін қуанады.

– Қалып жасаудан хабары жоқ мен сияқты талай жасты Секең маман етіп шығарды ғой. Қазір басшылардың назарына ілігіп, есімімнің ел аузында жүргені ең əуелі осы Секеңнің арқасы, – дейді Марғұлан өзінің тəлімгері жайлы.

Оның бұлай деуінің негізі жоқ емес. Мұнда апта сайын əртүрлі бұйымдарға тапсырыс түсіп жатады. Оны құйып, бұйым жасамас бұрын соған сай қалып дайындалуы керек. Ал, қалып жасаудың қыры мен сыры бөлек. Ең бастысы, қалыпқа қажетті лайдың қоспалары стандартқа сай болуы шарт. Олай болмаған жағдайда, балқыған шойынды құйған сəтте-ақ қалыптың талқаны шығуы мүмкін. Сол сияқты, бұйымның макеті де сызбаға сай болмаса, құйылған бұйым іске жарамсыз болып қалады. Токарьлар қанша қырнаса да зауыттағы, не фабрика мен шахтадағы қондырғыға сəйкес келмей жұртты əуреге салады. Сондықтан қалыпшылар əр бұйымның макетіне, оның қалыбына мұқият қарайды.

– Ең бастысы еткен еңбек еш кетпеуі керек. Ал ол үшін ұқыптылық қажет. Асығыстық, немқұрайдылық уақыттың да шикізаттың да шығынын əкеледі. Осыны болдырмас үшін біз бір күн бұрын қалыптар жасап, макеттер əзірлейміз, – дейді Марғұлан.

Оның айтуынша, бір күнде 7-8 тонна шойын құйылып, қажетті бұйымдар жасалады екен. Олардың бəрі «Қазақмыс» корпорациясы құрылымдарындағы өндірістің тоқтамауы үшін ауадай қажет нəрселер. Сол үшін де мұндағылар жұмыстың əр сəтіне жауапкершілікпен қарайды. Əсіресе – қалыпшылар.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Суретте: қалыпшы М.Қоштаев.