Қазақ тілін қадірлеген отбасы
Мамыражай мамырдың алғашқы мейрамы – Қазақстан халқының бірлігі күні. Осы мерекеге санаулы санаулы күндер қалғанда, Қазақ халқымен біте қайнасқан, өзге ұлт өкілдерінің татулығы жайында тартымды дүние жазуды жоспарлаған едім. Қарап отырсам, аудан орталығындағы этнос өкілдерінің көбі қазақы ортаға сіңісіп кеткен. Қазақ тілінде еркін сөйлейді. Басқа ұлт екенін түсіне қарап ажыратпасаң, былайша, айыру мүмкін емес. Ұлтымыздың озық дәстүрлеріне дейін меңгеріп алған. Таңдау – күрделі. Бүгінгі тақырыпқа бәрі лайықты кейіпкерлер. Ойлана келе, Ұлытау тұрғыны Денис КРЮКОВҚА бұйымтайымды айттым. Ол бірден келісімін беріп, зайыбы Иринаны шақырды.
Өзін «Ирина Стрюкпын» деп таныстырған келіншек қазақ тілінде сөйлей жөнелді. Өзге ұлт дегені болмаса, көңіл сарайының төрінде қазақы әдептілік бар. Бірден жылы қабақ танытты. Сыр тарту аса қиындық тудыра қойған жоқ. Бір қасиеті ашылып сыр айтқанымен, мақтанудан аулақ. Жүздесу барысында сұрақтарыма салмақты жауап қайырып, әңгіме тиегін ағытты.
– Мен Жездінің қызымын, ұлтым – украин. Денистің ұлты – орыс. Екеуіміз де қазақ ұлтымен жақын араласамыз. Көршілерімізбен бір отбасы мүшелеріндей араласып, қазір туыстай болып кеттік. Менің қайынжұртым өзге ұлт өкілдері болғанымен қазақ халқымен құда-жекжат. Біз бақытымызды Ұлытау жерінен тапқан жанұялармыз.
Біздің Отанымыз – Қазақстан. Ал, Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Демек, біздің Отан алдындағы парызымыз да, қарызымыз да мемлекеттік тілді білу. Осыны басқалар да түсінсе, жүрегімен ұғынса деймін. Біз қазақ халқына деген алғысымызды қазақ тілін үйрену арқылы білдіруіміз керек. Ұлы даланың, Мәңгілік елдің өскелең ұрпағы ретінде жеріміздің игілігі, халқымыздың ертеңі үшін ерен істерді еңсеруге мүдделіміз, – деді Ирина әңгімесінде.
Иә, «Бір ел – бір тағдыр» ұстанымы аясында бақуатты ғұмыр кешкен Крюковтер жанұясы қазақпен сыйластық жетегінде. Ұлттық құндылықтардың жарасымын аталған отбасынан тапқандай көңілде боласың.
Отбасы демекші, шаттық шаңырағын ұстап отырған Денис пен Иринаның еңбексүйгіштігіне, өз істеріне адалдығына, әдемі бастамаларымен жанжағын үйіріп алатынына «бәрекелді!» деп айтатын жандар көп бұл төңіректе. Осы қарапайым қағидалар ғой отбасы ұстынын бекемдейтін. Екеуі де еңбекпен есейген жандар. Отбасында төрт баласы бар. Келешекте ұрпақтары қазақ халқымен сыйластықтарын ажыратпайтынына сенімді. Себебі, татулық пен елдік те, тіпті, ерлік пен теңдік те осы бірліктен шығатынын жақсы біледі – олар. Осыған қарап, 1 мамыр мерекесінің мәнін іштей бағамдап біле беріңіз онда.
Қайрат ЖҰМАБАЙ