Қазақ қашан қазақша сөйлейді?!

 Тәуелсіздіктің 30 жылында жоғымызды түгендеп, іргесі берік қуатты мемлекетке айналдық, шүкір. Десек те, тіл мәселесі күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Тіл – ұлттың төлқұжаты, елді адастырмас темірқазығы. Бірақ, бүгінде сол ана тіліміздің құтын қашырып жүрген сыңайлымыз…

«Сыңайлымыз» деп әшейін, сыпайы айтып отырғаным. Әйтпесе, өз Отанында жүріп, ана тілін білмеу деген сұмдық көрініс санама мүлдем сыймайды. Қаншама жыл жауыр болған бұл тақырыпқа қатысты айтылмаған әңгіме, жазылмаған жыр қалмады. Дегенмен, «баяғы жартас – сол жартас…».

«Тәрбие басы – тіл» дейді дана қазақ. Біз, міне, дәл осы жерден «бүлініп» отырған сияқтымыз. Яғни, баланың бойына құрсақта жатқан кезінен бастап, өзге тілді дарытып жатқанымызды аңғармай отырмыз. Ана тіл адамға ана сүті арқылы беріліп, сол құнардан нәр алып өседі. Отбасы мүшелері бір-бірімен қай тілде байланыс жасаса, бала да соған бейімделеді. Өкінішке қарай, аулада асыр сап ойнап жүрген балалардың орыс тілінде шүлдірлеп сөйлеп жүргенін көз көріп, құлақ естуде. Қарапайым бір мысал, туған күнге жиналған дос-жаран, ата-әже, әке мен ана бәрі қосылып, баласын «Happy birthday to you» деп әуелетіп ән сала құттықтайды. Балабақшаның орыс тобына барып, орыс тілді мектептің табалдырығын аттаған қазақ балалары – өз алдына бөлек әңгіме. Ал, ертеңгі күні қазақ тілінің өркенін өсіретін сол бүлдіршіндер емес пе?!

Әрине, «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Осындайда жарықтық Бауыржан Момышұлының мына бір сөзі еріксіз еске түседі: «Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілін білмеуі не шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі». Батыр атамыз біліп айтады. «Біз Кеңес үкіметі кезінде өстік» деп орыс тілін асқақтататын, өзінің туған тіліне бей-жай қарайтын ата-аналар бөтеннің мәдениетімен алға жылжи алмайтынымызды неге түсінбейді?! Өз тілін өгейсіп, қажетсінбеудің салдары қатерлі қасіретке алып келетінін әркімнің жантәнімен түйсінетін уақыты келіп жетті. Қазақ тілі, ең алдымен, қазаққа ғана қажет.

Халқымыздың саны жыл санап артқан сайын рухымыз да соншалықты мығым болуы шарт. Бұл – уақыт туындатқан талап! Қазақ тілі – әлемдегі ең бай, терең тілдің бірі. Бірақ, жағымыз жаңылып, тілдің шұбарлана түсуі, қазір қалыпты құбылысқа айналғандай. Қол сілтеп қоя салатын мәселе емес бұл.

Бұл – тұтас ұлттың тағдыры! Кезінде Алаш зиялылары тіл үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, жан аямай күресті. Енді аманат жүгі бізге келіп жеткенде оған қиянат жасау – қасиеттен ажырау!

«Тілім» деп байбалам салғанымызбен, түйткілді мәселенің түйінін тарқата алмай әлекпіз.

«Балық басынан шіриді» деп отыра бермей, қалың қауым болып, өзіміз, яғни, әрқайсымыз әрекет етуіміз керек.

Ана тіліміздің болашағы – біздің мойнымыздағы жауапкершілік. Себебі, қазақ тілі – егемендік символы, келешек ұрпақтың панасы.

Ендеше, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, ана тілімізді еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жақсы көріп, ардақтап, таза сөйлесек, мінбердегілер де сөзін түзейтін болады.

Салтанат КЕНЖЕБАЙ,

 студент.