Ауыл төсі дүбірлеп…

 

Біз жақта салт-дәстүр мен ырым көп-ті,

Сондай бір керемет күн бүгін кепті.

Терісаққан бие байлап, айғыр қосып,

Ауылдың төсін тоймен дүбірлетті.

 

Карантин – тәртіпке де бағынасың,

Сақтық үшін бетперде тағынасың.

Жігіттер шу асауға құрық салып,

Келіндер майлап жатыр желі басын.

 

Осындай жерлестермен мақтанамын,

Жаяулардан көп сынды атты адамың.

Әжелер қазанға әкеп салып жатыр,

Бұл күнге сары майдай сақтағанын.

 

Қоясың қиқу шыққан жаққа қарап,

Тойынған жануарлар доп-домалақ.

Бір шебер жүген өріп, ноқта жасап,

Бір маман жатыр, міне, ат тағалап.

 

Көңілді жүр күбісін ыстағандар,

Шеткері үйге көліктен түсті адамдар.

 «Бұйырғанын кешкілік көрерміз» деп,

Оқшаулау тұр ораза ұстағандар.

 

«Көкмайса» – этнотой көгалдағы,

Жүзеге ассын алда ел арманы.

Өкініш – жаман індет кесірінен

Бұрынғыдай қонақтар келе алмады…

 

 Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ,

Ұлытау ауданының құрметті азаматы.