Ауған соғысының ақиқаты
Адамзат баласының бақытты ғұмыр кешуіне ең маңыздысы ашық аспан астындағы бейбіт өмір. Өйткені, тіршілікте əр пенде бейбітшілікті қалайды. Десек те, кейбір қолдан жасалған қасіреттер елге кесірін тигізіп жатады. Оған тарихтың ақтаңдақ беттері куə. Нақтылап айтсақ, Ауған соғысы.
Уақыт көші ілгері жылжығанымен сол жаралы жылдар жаңғырығы əлі естен кетер емес. Биыл Кеңес Одағы əскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 36 жыл толып отыр. Сонда да сананы мазалай беретін сан сұрақ көкейде тұрады. Бұл соғыс қайдан шықты? Соғысқа себепкер кімдер? Бөтен елдің ішкі істеріне Кеңес Одағы неге араласты? деген сауалдар еріксіз ойға оралады.
Тарихқа жүгінсек, 1978 жылдың 29 сəуірінде Ауғанстан жерінде төңкеріс болып, Нұр-Мұхаммед Тараки билік басына келді. Ол таққа отырысымен Хафизулла Аминді өзіне орынбасар етіп тағайындайды. Бірақ, Тараки мен Аминнің елдегі дүрбелеңді басуға шамалары жетпеді. Мұны сезген Тараки жағдайды реттеу үшін 1978 жылдың наурыз айында жасырын барып КОКП ОКның Бас хатшысы Л.И.Брежневтен көмек сұрайды. Міне, осыдан кейін Тараки мен Амин арасында өшпенділік басталып, достықтың жолы екіге айырылады. Біріншіден, тақ басшысының Мəскеуге жалтақтағанын Амин құптамайды. Екіншіден, Мəскеудің Ауған халқының ішкі істеріне араласқанына наразылық білдіреді. Бұдан кейін, Ауған халқы екіге жарылады. Басым бөлігі Амин жаққа шықса, көптеген жасақ Таракидің қол астына шоғырланады. Осындай келіспеушіліктің салдарынан Ауған жерінде соғыс өрті тұтанады. Алғашқы кезде КСРО басшылары соғысты сырттай бақылаумен ғана шектеледі. Бірден Ауған халқының ішкі істеріне қолсұға қоймағаны рас. Уақыт өте келе Аминнің беделі ел ішінде күрт көтеріле бастағанын сезіп, содан кейін оның көзін жоюға біржолата кіріседі. Ондағы мақсат – 1978 жылы Чехославакиядан Мəскеуге келіп тұрақтаған «Парчам» тобының жетекшісі Бабрак Кармалды таққа отырғызу керек болды. Алыстан көздеген КСРО басшылары Аминді қызметінен шеттетіп «парчамшыларды» билікке əкелуді ойлайды. Осы тұста Кеңес Одағы басшыларының шағын бір тобы Л.И.Брежнев, Н.В.Андропов, М.А.Суслов, Д.В.Устинов, А.А.Громыко Ауғанстанға Кеңес əскерін енгізу жөнінде шұғыл шешім қабылдайды. Тез арада 1979 жылдың 29 желтоқсанында Кеңес əскерлерінің шектеулі бір бөлігін Ауған аумағына енгізіп үлгереді.
Ал, Ауғанстан жеріне Кеңес əскерлерінің енгізілгені туралы хабардан ол кезде Орта Азия басшылары мүлдем бейхабар еді. Д.А.Қонаевтың өзі бұл хабарды бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп біледі. Алғашқыда Кеңес халқының көпшілігі КСРО-ның Ауғанстанға əскер жібергенін «шұғыл қажеттілік» деп сеніп қалады. Бұл жөнінде жекеленген тұлғалардың батыл қадам жасағандары да болды. Соның бірі – академик Андрей Сахаров еді. Ол Брежневке жазған Үндеу-хатында: «Кеңес əскерлерін Ауғанстан жеріне енгізу үлкен қателік» – деп жазды. Сонымен қоса, А.Сахаров Кеңес басшылығының əскери жəне ядролық қарулары жөніндегі тұжырымдамасын қайта қарауды талап етеді. Оның бұл сөзін Брежнев басшылығы қаперіне де алмайды. Бұған жауап ретінде А.Сахаровты Нижний Новгород қаласына жер аударумен шектеледі. Одан кейін ешкім де Брежнев басшылығына қарсы əрекет жасауға дəті бармайды. Шындықтың беті жылдан жылға тұмшалана берді.
Заман көші алға жылжығаннан кейін еліміз Тəуелсіздік алған соң, Ауған соғысының ақтаңдақ беттері ашыла бастады. Сөйтсек, бұл соғыс КСРО Қарулы Күштерінің Ауған жеріне басып кіріп, ішкі істеріне қолсұғуынан туындаған екен. Оны кейін білдік. Кешегі Кеңестік саясат бұл туралы ақпаратты құпия ұстады. Елден жасырды. Кеңес халқының санасына басқаша сіңірумен болды. Өрімдей жас жігіттерді «интернационалдық борышын өтейді» деген желеумен Ауғанстанды қорғауға аттандырып жатты. Бұл кезең 1978 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін созылып келді.
Екінші жағынан алғанда, Ауғанстанға əскер енгізу КСРОның халықаралық беделіне де нұқсан келтірді. Осы орайда, қолда бар деректерге сүйенсек, Ауған соғысында КСРО бойынша қайта оралмаған, жалпы адам шығыны – 14 463- ті құрап отыр. Бұл аз сан емес, Қазақстаннан Ауғанстанға 22 мың сарбаз жіберілген. Олардың 929-ы Ауған жерінде қаза тапқан. Соның 393-ы мүгедек болып оралып, 22-сы хабарошарсыз кеткен. Бұл – нақты дерек. Мұны тарих бетінен сызып тастай алмайсың. Қарап отырсақ, Ауған соғысы қаншама отбасына қайғы-қасірет əкелді. Оған кінəлі, сол кездегі КСРО басшыларының ақылға қонымсыз, қисынсыз ойлары. Осы арада тек бір-ақ нəрсе ақиқат. Ол Ауған соғысына қатысқан жерлестеріміздің антқа адалдығы. Сол адалдық оларды өмір мен өлім арпалысқан сəтте оттан да, оқтан да қаймықтырмады. Осындай ауыр аманат арқалаған қаһармандарымыздың жанқиярлық ерлік істерін ел алдында бағалап, антқа адалдығын – ұрпаққа өнеге ету лəзім.
Қайрат ЖҰМАБАЙ