Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-Министрін Қазақстанға сапармен келуге шақырды

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанмен телефон арқылы сөйлесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылап, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестікке оң баға берді.

Ең алдымен энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді тиімді іске асыруға баса назар аударылды. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру үшін бірлескен жұмысты жалғастырудың маңызына ден қойылды.

Әңгімелесу соңында Мемлекет басшысы Мажарстан Премьер-Министрін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.