Астық жинау аяқталуға жақын

Аптаның басында аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ егін алқабын аралады. Аралау барысында шаруа қожалықтардың жүргізіп жатқан жұмыстардың жағдайымен танысып, атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығын білдірді.

Бүгінде аудан бойынша арпа дақылы толық орылып 1300 гектардан 1430 тонна өнім жиналды. Ал, орылған 14400 гектар бидайдан 15410 тонна өнім алынды. Дəнді-дақылдардың түсімі жаман емес. Əр гектарына 11 центнерден айналуда. Аудан диқандары егін ору жұмыстарын 20 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау ауданы бойынша 23 шаруа қожалығы егін шаруашылығымен айналысады. Егістік алқаптың көлемі — 20800 гектар. Биылғы жылы егін ору науқанына 46 комбайн, 80 автокөлік, 100-ден астам адам қатысуда.

Жалпы, Ұлытау ауданында техника паркін жаңарту соңғы жылдары қарқынды жүргізілуде. Ауданның ауыл шаруашылығы дамуына серпін беретін бірден бір құрал — техника паркін жаңарту. Биылғы жылдың өзінде ауыл шаруашығы саласын қолдау бағдарламалары аясында 3 комбайн, 27 трактор, 2 жүк тиегіш, 5 пресс подборщик, 13 əр түрлі (тырмауыш, вилла ковш т.б.) техникалар алынды. Осы техникалар қазіргі уақытта шаруа қожалықтарына шаруашылықты дамытуға үлкен септігін тигізуде. Жаңа комбайндар ескі комбайндарға қарағанда үш есе артық жұмыс істеп, диқандардың уақытын үнемдейді жəне егін ору барысында сапалы жұмыс жүргізеді.

Аманкелді АҚШАЛ.