Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай әскери шеру өтеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстанда қандай іс-шаралар жоспарланып отырғанын айтты.
«Жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылған. Оның ең бастысы – Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді. Б.Момышұлының – 115, М.Ғабдуллиннің – 110, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді.
Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз», – деді Мемлекет басшысы.