Ашық форматтағы алқалы жиын ауылды дамытуға бағытталған нақты жоспарларды айқындады
Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков Ұлытау ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын жасап, 2026 жылға арналған негізгі жоспарлар мен басым бағыттарды таныстырды. Кездесу ашық форматта өтіп, ауыл тұрғындары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өздерін толғандырған мәселелерді тікелей қоюға мүмкіндік алды.

Аманжол Батырбекұлы өз баяндамасында өткен жылы аудан көлемінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқанын атап өтті. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, спорт нысандарын салу, ауылдардың көркін жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен орындалып келеді. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, жастарды спорт пен салауатты өмір салтына баулуға, ауылдардың әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Аудан әкімі кездесу барысында 2026 жылға жоспарланған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы саласында жаңа жобаларды іске асыру, электр желілерін жөндеу және жаңғырту, ауылдық округтердегі жолдарды қалпына келтіру, көшелерді жарықтандыру, сондай-ақ қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыттар саналады.
Сонымен қатар, Амангелді және Қоскөл ауылдарындағы су желілерін қайта жаңғырту жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ауызсудың сапасы мен қолжетімділігі – кез келген елді мекен үшін басты мәселенің бірі. Осыған байланысты су инфрақұрылымын жаңарту арқылы тұрғындарды тұрақты әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсаты қойылып отыр.
Спорт саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр Жезді кентінде заманауи спорт ғимараты пайдалануға беріліп, Қоскөл мен Терісаққан ауылдарында жабық футбол алаңдары салынды. Бұл нысандар ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік ашып, бұқаралық спорттың дамуына серпін берді. Ал биыл аудан орталығы – Ұлытау ауылы мен Жангелді ауылдық округінде жабық футбол алаңдарын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, көптен күткен бассейн құрылысын аяқтап, пайдалануға беру де күн тәртібінде тұр. Бұл нысан балалар мен жасөспірімдердің, жалпы тұрғындардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасайды.
Кездесу барысында Ұлытау ауылының әкімі Талғат Әбжаппаров ауылдық округте атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы жеке баяндама жасады. Оның айтуынша, басты басымдықтардың бірі – балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта Нұртазин көшесінде, Асатов көшесінен Сапар орталығына дейін, сондай-ақ Сәтбаев көшесінен Тәуелсіздік көшесіне дейін жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз әрі қолайлы жолдар салу жоспарланған. Бұл жұмыстар әсіресе мектеп оқушылары мен егде жастағы тұрғындар үшін өте маңызды.
Сонымен бірге ауыл аумағында бірнеше скверді абаттандыру, жаңа балалар ойын алаңдарын орнату, демалыс орындарын көбейту және елді мекеннің жалпы көркін арттыру бағытындағы жұмыстар жүзеге асырылмақ. Бұл бастамалар ауылдың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол сапасы, жарықтандыру, ауызсу, тұрғын үй мәселесі, әлеуметтік нысандардың жай-күйі секілді бірқатар өзекті сұрақтар қойылды. Аудан әкімі әр сұраққа нақты әрі түсінікті жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, халықты алаңдатқан түйткілдердің бақылауда болатынын және олардың кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
Жалпы, бұл кездесу аудан басшылығы мен тұрғындар арасындағы ашық диалогтың, өзара сенімнің айқын көрінісі болды. Ұсыныстар мен пікірлер ескерусіз қалмай, алдағы жоспарларды нақтылауға негіз болатыны айтылды.
Ұлытау ауылы мен жалпы аудан көлемінде жүзеге асатын жобалар ауылдардың инфрақұрылымын жаңғыртып, өмір сапасын арттыруға бағытталған. 2026 жылға арналған жоспарлардың ауқымдылығы мен мазмұны ауданның тұрақты дамуға бет алғанын көрсетіп отыр.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
