Қаржы қатаң бақылауда болады
«Мемлекет қаржылысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек. Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Шағын жəне орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс əрі уақытылы қабылданған шешім болды».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бюджет қаражатына қатысты осылай деп атап айтты. Қазір барлық өңірлерде бөлінген бюджет қаражатын жоспарлау жəне пайдалану тиімділігі қатаң бақылауға алынған. Бұл үрдістен Ұлытау ауданы да қалыс қалып жатқан жоқ. Жуырда Ұлытау облысы бойынша Тексеру комиссиясының өкілдері Ұлытау ауданының Ақтас жəне Жезді кенттерінде жергілікті тұрғындармен брифинг өткізді.
Брифинг барысында «Ұлытау ауданының кенттеріне бөлінген бюджет қаражатын жоспарлау жəне пайдалану тиімділігі мемлекеттік аудиті» іс-шарасы нəтижелері туралы Тексеру комиссиясының мүшесі Е.Ибикенов ақпарат берді.
Аталған іс-шара бойынша ауданның 2 кентінде мемлекеттік аудит жүргізілді. Екі кенттің қаражат көлемі 732 010,0 мың теңгені құрады. Тексеріс нəтижесінде жалпы сомасы 425 066,7 мың теңгені құрайтын келесі заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, қаржылық бұзушылықтар – 403 939,0 мың теңге. Бюджет қаражатын (активтерін) тиімсіз жоспарлау – 13 109,2 мың теңге. Бюджет қаражатын (активтерін) тиімсіз пайдалану – 8 000,0 мың теңге. Ықтимал шығындар мен жоғалған пайда – 18,5 мың теңге. 30 рəсімдік сипаттағы бірлік жəне 1 кемшілік.
Аудит барысында жəне кейінгі шаралармен мемлекеттік аудит объектілері бойынша – 59 742,8 мың теңге өтелді жəне қалпына келтірілген сома 342 296,6 мың теңгені құрады. Өтемақыға қалған сома – 1 899,6 мың теңге.
Брифингте Ұлытау ауданы əкімінің орынбасары Алмат Сакипов сөз сөйлеп, келеңсіздіктерге жол беру мəселесі талқыға салынатынын, бюджет қаржысының қатаң бақылауда болатынын айтты. Ал, Жезді жəне Ақтас кенттерінің əкімдері ауыл халқының алдында есеп бере отырып, анықталған заң бұзушылықтар болашақта қайталанбайтынын жеткізді.
Аудан əкімінің баспасөз қызметі.