Армандар орындалатын қала
Біз Елордадан алшақта тұратындықтан, оның күн сайын көркейе түскенін телеарналардан ғана тамашалай аламыз. Алайда осынау әсем қалаға астана мәртебесі берілгеннен сәттен бастап немесе кейінірек барып, елордамен бірге өсіп-өркендеген жас ұландар жетерлік. Расымен де, қысы қытымыр аязды болса да, бұл қаланың жастарды өзіне тартып тұратын ерекшеліктері көп екені күмәнсіз. Олардың ұғымында, Елорда – армандар орындалатын қала.
«Алғшқыда бұл қалаға уақытша тұруға келген едім. Енді ешқашан кетпейтініме, кетсем де қайта айналып келу үшін кететініме көзім анық жетті. Себебі, бұл қалада мені өзіне еріксіз тартып тұратын бір құдіретті күш бар. Оның қандай күш екенін өзім де нақты сипаттай алмаймын», – дейді көрікті қалада 2015 жылдан бері тұрып келе жатқан28 жастағы Айжан Әлмаханбетова.Оның айтуынша, басқа қалалардан басты ерекшелігі – әдемі зәулім үйлер мен ғимараттардың болуы. Есіл өзенінің жағалауында орналасқан Үкімет пен Парламент үйлері, Хан шатыры, мәдениет сарайлары, спорт кешендері,субұрқақтары, Конгрес Холл, театрлар мен тарихи тұлғалардың ескерткіштері, «Бәйтерек» монументі, гүлзарлар мен алаңдар және тағы басқалары – қалаға айрықша көрік беріп тұратын ерекшеліктер.
Ал қалалық жастар саясаты басқармасында үйлестіруші болып қызмет істейтін 26 жастағы Ажар Тұрлыбекованың пікіріне сүйенсек, бұл қала адам жанына әлдебір тыныштық сыйлайтын ғажайып сұлулығымен тартымды.
– Мен үшін Нұр-Сұлтан – ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мекені және асқақ армандар мен биік мақсаттардың алтын кілті. Болашағын Елордамен байланыстырған адамның алдынан екі бірдей есік ашылады: бірі – ғылым-білімге деген, келесісі – жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Бұл қалада – үнемі қайнаған тіршілік, яғни, бәсекелестік өте жоғары, ал бәсекелестік бар жерде алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Мәдениет және спорт министрлігінде қызмет істейтін 35 жастағы Бейбіт Бекжігітов есімді азамат «Нұр-Сұлтан – армандар орындалатын қала» деп нық сеніммен айтады. Оған себеп – 18 жасында келген Бейбіт Елордада үш оқу орнын тәмамдап, қызметке орналасып, осыында сүйікті жарын жолықтырған екен.
«Біреулер маған «Нұр-Сұлтанда не бар? Елорданың өзге қалалардан қай жері артық?» деп жатады. Мен оларға былай деп жауап берер едім: «Бұл жерде жаныңа не керектің бәрі бар. Оның артықшылықтарын көре білу мен соны оңтайлы мүмкіндік ретінде пайдалана білу – әр адамның өз қолында». Нұр-Сұлтан – ызғары мен жылуы, суығы мен сұлулығы қатар жүретін жұмбақ қала болғанымен, шешуін таба білген жанның басына қонған бақ шығар. Сондықтан мен Елорданы шексіз жақсык өремін! – дейді Бейбіт аса зор мақтаныыш сезімімен.
Расында, «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, болашақта сіздің де ұл-қызыңыз бас шаһарда тұруға құлық танытып жатса, қарсылық білдірмеген жөн. Себебі, Нұр-Сұлтан қаласы әлі де жанданып, сұлулығына тоят таптырмай, көркейе түсері хақ!
Ақгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН