Ардагерлер мен ақ желеңділер марапатталды
Ұлытау ауданының 85 жылдығына орай марапаттау шаралары əлі жалғасуда. Жуырда аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ аудандық ауруханаға арнайы барып, ондағы ақ желеңді жандармен кездесті. Осындай жылы жүздесу аудандық əкімдікте де өтті. Оған ауданның бір топ ардагерлері шақырылды.
Ауруханада өткен кездесуде аудан əкімі Аманжол Мырзабеков ақ желеңді абзал жандардың қажырлы еңбегін ерекше атап өтіп, аудан медицинасының дамуына қосқан зор үлестерін жоғары бағалады. Осы орайда ұзақ жылдардан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан ардагер дəрігерлер Жұмаш Баймұратов, Марат Дүкембаев, Роза Төлегенова жəне Ақзейнеп Наурызбаеваға «Ұлытау ауданына 85 жыл» мерейтойлық төсбелгісі салтанатты түрде табысталды.
Марапатқа ие болған дəрігерлер өз кезегінде аудан басшылығына шынайы ризашылықтарын білдіріп, халық денсаулығын сақтау жолында аянбай қызмет ететіндерін жеткізді.
Осындай жылы жүздесу аудандық əкімдікте де өтті. Аудан əкімі ауданымыздың дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлермен кездесіп, олардың өлшеусіз еңбектерін кейінгі жастарға үлгі етті. Кездесу барысында аудан ның əлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мəселелер талқыланып, олардың шешу жолдары да əңгімеге арқау болды. Ардагерлер өз ұсыныстарын ортаға салып, аудан болашағына қатысты пікірлерін білдірді.
Шара соңында аудан басшысы өңірдің 85 жылдық мерейтойына арналған арнайы төсбелгілерді қоғамға еңбегі сіңген ардагерлерге табыстады.
Өз кезегінде ақсақалдар аудан басшылығына көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіріп, істеріне сəттілік тіледі.
Ізбасар ОЙБАС.