«АРАЛБАЙДЫҢ» алтын алқалы анасы
«Балалы үй – базар» деген екен дана халқымыз. Расында, ата-ана үшін баладан қызық, баладан қымбат ешкім жоқ. Бала көп болса, тіпті, құба-құп. Әр бала өзінің несібесімен туады екен. Әйтеуір, Алланың бергенінен ешкім де бас тарта алмайтыны, бермегенін тартып ала алмайтыны аян.
Соңғы жылдары Үкіметтің ана мен балаға қамқорлығы жақсы жолға қойылып келеді. Жас босанғандарға берілетін «жөргекпұл», жасқа толғанша төленетін жәрдемақы сияқты қаржылай қаражаттар көлемі жыл сайын көбейіп отыр. Балалы болған аналар, бала 3 жасқа келгенше ақысыз еңбек демалысында отыруға құқылы. Бала мен анасына тегін медициналық көмек көрсетіледі.
Сол себепті де болар, соңғы жылдары елімізде бала туу көрсеткіші едәуір көтерілген сыңайлы. Жуырда әлеуметтік желілер Қазақстанның 19,0 миллионыншы тұрғыны дүниеге келгенін «сүйіншілеп» хабарлады. «Тумалар көбейе берсін!» дедік біз де.
Ауданымызда көпбалалы аналар саны жыл ұлғайып көбейіп келеді. Шеңбер ауылдық округіне қарасты Аралбай қыстағында тұратын Жанар Айтжанова да осы санатта. Жасы 43-ке қараған Жанар осы өңірдің тумасы. 1978 жылы дүние есігін қарапайым отбасында ашқан ол, онжылдық мектепті ойдағыдай аяқтайды. Ата-анасының қолқанаты бола жүріп, Жанар, 1997 жылы Болысбек есімді шеңберлік азаматпен тілектері үндесіп, шаңырақ көтереді. Аралбай қыстағындағы шаруашылықтың иегері Әнтай әкеміз бен Зина апайдың сенімді көмекшісі болды. Ата-аналары өмірден озған соң, шаруашылықты құлатпай ұстап қалды. Бүгінде екеуі 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Өткен жылдың соңын ала ауыл әкімі Сағат Сұлтанов Аралбайға арнайы барып, Жанарға «Алтын алқа» төсбелгісін табыс етті. Тұңғыштары Гауһартас тұрмыста, үш баласы бар. Салауаты былтыр жазда үйленіп, жуырда кішкентайлы болмақ, Алла қаласа. «Балаларым – бақытым!» дейді «Алтын алқалы» ардақты ана.
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ
Суретте: ауыл әкімі Сағат СҰЛТАНОВ Жанар АЙТЖАНОВАҒА «Алтын алқа» төсбелгісін табыс еткен сәт.
ҚОРҒАСЫН ауылы.