«АПЕКЕҢНІҢ БИІГІ» оқырмандарды Аппаз Қаражігітовпен қайыра қауыштырды

Адамзат өмірінде мəңгі жасайтын өнердің бірі – əдебиет. Ол – ең алдымен адамның жанын, сезімін, түйсігін, құштарлығын суреттейді. Міне, осы əдебиетімізге өзгеше бір түйсік-түсінігімен, таным дүниесімен, зерделілік сырымен, зергерлік құпиясымен терең үңілген қалам иесінің бірі марқұм Апекең – Аппаз Қаражігітов еді…

Саналы ғұмырының басым денін əдебиет пен баспасөз ісіне арнап, оқырман қауымға тартымды туындылар ұсына білген, 90 жастың төріне шыққан шағында да қолынан қаламы түспеген жазушы, марқұм Аппаз Қаражігітовтің туғанына биыл 100 жыл толады. Осы мерейтойға орай қаламгердің шəкірті, аймағымызға белгілі журналист, жазушы, ақын Базарбай Əлеуханұлының құрастыруымен «Апекеңнің биігі» деген жинақ шықты. Кітап Астанадағы «Кəусар» баспасынан жарық көрді. Мұнда қаламгер туралы естеліктер, мақалалар, арнаулар, мұрағат құжаттары мен ойтолғаулар топтастырылған.

Жинақтың жауапты редакторы – Гүлжан Қаражігітова, редакторы – Қуат Құрмансейіт.

Орайы келгенде айта кетейік, жұма күні Ұлытау облысы орталығындағы Серке Қожамқұлов атындағы театрда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жезқазған қаласы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының иегері, ҚР Мəдениет қайраткері Аппаз Қаражігітовтің 100 жылдық мерейтойына орай еске алу кеші өтті. Аталмыш кітап осы шара барысында жұртшылыққа таныстырылды.

 Ізбасар Ойбас.