Қаламы ғұмырының арқауы еді
Үйге кіріп, жазу үстеліме отырғаным сол еді, телефоным шылдыр ете түсті. Арғы жағынан газеттің Бас редакторы Ахат Құрмансейітов «Аға, Нұрперзент Домбай қайтыс болыпты» дегенде телефон қолымнан түсіп кетті…
Иә, Нұрперзент өлім түгілі, өкпеге қимайтын, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген, жан біткенге жамандық ойламайтын үлкен жүректі азамат еді. Ол С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін Жезқазған облысына жолдамамен келіп, алғашқы еңбек жолын Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газеті редакциясында бастаған болатын. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, ұжыммен ұйысып, елмен етене араласып кетті. Бір жылдай әдеби қызметкер болып еңбек етіп, талантымен танылған Нұрперзент, редактордың орынбасары қызметіне жоғарылады. Одан кейін аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы болды. Сол қызметте жүрген жерінен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жезқазған облысы бойынша меншікті тілшісі Өтеген Жаппарханов басқа жаққа ауысуына байланысты, Нұрперзент республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болып кетті. Бұл қызметте жылға жуық істеп, «Қазақмыс» корпорациясының «Мысты өңір» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Осы орында біраз жыл жемісті еңбек етіп, Алматыға қоныс аударып еді.
Ол кейінгі жылдары республикалық «Ана тілі» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары қызметін абыройлы атқарды. Асыл азамат қай жақта, қандай қызметте жүрсе де, Ұлытауды бір сәт есінен шығарған жоқ. Ұлт бесігін өзінің туған жерінен кем көрмеді. Аудандық газетпен тығыз байланыста болып, материал жіберіп тұрды. Өткен жылы «Ұлытау» газетінің 80 жылдығы қарсаңында қасиетті өңірмен бірге қызмет істеген әріптестері жайлы «Ұядай ыстық «Ұлытау» атты көлемді мақаласы жарияланды.
Мейірімсіз сұм ажал хансың ба, қарасың ба, қартсың ба, баласың ба, данышпан-данасың ба, қарамай ала береді. Адам өмірге келген соң ерте ме, кеш пе, өлімнің келері анық. Бірақ, Нұрперзенттің шығар биігі, алар асуы алда еді. Амал не, сұм ажал оған жеткізбеді. Көңілге жұбаныш етер жайт – артында айшықты із қалды. Оның жарқын бейнесі көзден кеткенімен, көңілден кетпесі күмәнсіз.
«Алдың жарық, артың қайырлы болсын, ардақты да, асыл азамат!» дегеннен басқа қолдан келері жоқ.
Азамат едің ардақты,
Биязы мінез – салмақты.
Тұнып тұрған талант ең,
Білімің терең – жан-жақты.
Жалындап тұрған шағыңда,
Сұм ажал салды-ау қармақты.
Келген соң мына жалғанға,
Ел билеген хандар да,
Данышпан, дана жандар да.
Ажалдан аман қалған ба?!
Жаныңды Алла жарылқап,
Жұмақта болсын орының
О дүниеге барғанда.
Әумин!
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі