Алғашқы несие мақұлданды

«Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей əсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін жəне оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркəсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тəсілдерін əзірлеуге тиіс».

Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтқан сөзі. Президент өз сөзінде бюджет қаржысын оңды-солды шашпай, субсидияның қайтарымы болуы керектігін, тіпті кей жағдайда субсидияның орнына төменгі пайызды несие беру тиімді екенін де айтты.
Қазір өңірлерде ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін кəсіпкерлерге түрлі қаржылық қорлар арқылы несиелер беру үрдісі қалыптаса бастады. Мұндай ілкімді іс біздің Ұлытау облысында да сəтті жүруде. Мəселен «Ұлытау» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы арқылы өңір аграрларын қаржылай қолдау қолға алынған. Оның алғашқы қарлығаштары да белгілі болды. Алғашқы несие алушы біздің ауданның азаматы. Нақтырақ айтқанда, Қаракеңгір ауылдық округінен «Исмаил А.Б.» шаруа қожалығы осы несиеге қол жеткізіп отыр. Шаруа қожалығы 400 гектар жерге мал азығы мен көкөніс өсіруді жүзеге асыратын болады.
Жоба бойынша кəсіпкер 3 800 тонна картоп пен 3 000 тонна жоңышқа өндіруді көздейді. Сондай-ақ, егін шаруашылығына суды үнемдейтін заманауи технологияларды (жаңбырлату, тамшылатып суару) пайдалануды жоспарлап отыр.
Орайы келгенде айта кетейік, жеңілдетілген несие сомасы 637,6 млн теңгені құрайды. Жылдық мөлшерлеме – 2,5%. Өтеу мерзімі 120 ай. Сонымен қатар, жеңілдетілген несие бағдарламасында 24 айлық жеңілдікті кезең де қарастырылған.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.