Қайсарлығымен елге танылған жан

Гүл-көктемнің көгілдір мерекесі – 8 наурыз қарсаңында газеттің бір бетін нəзікжандыларға арнау дəстүрімізде бар. Өйткені, бір əулеттің отын жағып, ұрпағын жалғайтын əйеланалар ел құрметтісі. Мен бүгін тақырыпқа сəйкес, өжет əйел, қайсарлығы қанымен келген талай сынақты басынан өткізсе де мойымаған, сөйте тұра мəдениет пен өнер саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Жезді мəдени-сауықтыру орталығының көркемдік жетекшісі Алма ҚАДЫРОВА жайлы сөз етпекпін.

Ол отбасының қамын күйттеп, балаларының жағдайын жасап, енесінің бабын тауып, үйдегі күйбең тірлікті ерлерше қайыспай көтеріп жүрген қайсар əйел. Олай дейтін себебім, күйеуі қайтыс болғанда Алма небəрі отыз жаста еді. Көңілі мұңға, жүрегі қайғыға толды. Екі баласымен жесір қалып, отбасының бар ауыртпалығы оның мойнына ілікті. Бірақ, ол бұл сынаққа мойымады. Табиғатынан алғыр жан. Жігерін жанып, алға ұмтылды. Жігерленді.

Алма Сарықызының өмірдерегіне үңілсек, 1965 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтының «Музыка жəне əн» факультетін тəмамдаған. Оқу орнын бітіргеннен кейін бір жылдан соң, 1987 жылы Жезді кентіне арнайы жолдамамен келіп, музыка пəнінен мұғалім болып орналасады. Бастапқыда кенттегі мектеп-интернатта əн-күйден сабақ береді.

Уақыт өте келе «Жезді жұлдыздары» халықтық əн-би ансамблінің əншісі болып, əрі оркестрде баянда ойнайды. Жаратылысынан өнерге бейім жан мұнымен шектелмей, қолы сəл қалт еткенде «Балдəурен» хор үйірмесіне балаларды жинап, өнерге баулиды. Қазір 2013 жылдан бастап, Жезді кенті мəдени-сауықтыру орталығының көркемдік жетекшісі қызметінде. Оның осы салаға сіңірген еңбегі де айтарлықтай. Бүгінде «Ақ əжелер» ансамбліне жетекшілік жасайды. Түрлі этнос өкілдерінің басын біріктіріп, «Достық» ұлттық мəдени отауын ашты. Осылайша, əріптестеріне сыйлы, ұжымда қадірлі, қоғамда өз орны һəм айтары бар тұлға болып қалыптасты. Бір өкініштісі, ері – Əли Сердалиновтың 1996 жылы жастай дүние салғаны. Сол кездегі сондай ауыр қасірет оның жүрегін жаралады. Дегенмен, ол бар қиындыққа төтеп беріп, еңсесін түсірмеді. Табандылық танытты. Əлидің бақилық болғанына да 27 жылға жуықтады. Бүгін міне, Алма екі баласын өсіріп, ержеткізді. Туған жері Қызылордаға да кетпестен аяулы жарының шаңырағына сүйеніш болып қала берді. Əлі күнге дейін енесінің қас-қабағына қарап, күтіп-баптап отырған жайы бар. Күйеуі бір атаның жалғыз ұлы болатын. Бүгінде Алма бір əулеттің ұрпағын жетілдіріп, қатарға қосты. Балалары жоғары оқу орнын тəмамдап, өз мамандықтары бойынша еңбек етуде. «Орнында бар оңалар» деген осы емес пе?!

Алма тек қайсар ана ғана емес, ол – жезтаңдай əнші. Əрдайым талғампаз тыңдарманды сызылта салған əсем əнімен еріксіз баурап алатын өнерпаз жан. Өмірде де өз ұстанымы бар, пікірі мен көзқарасы қалыптасқан ибалы əйел. Бүгінде Жезді халқының алдында еселі еңбегімен сыйлы адамдардың қатарында. Себебі, Алманың қарапайым да сыпайы мінез-құлқы, айтқан мəдениетті сөзі, əдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-əрекеті көпке ұнайды. Əріптестеріне үлгі боларлықтай жақсы қасиеттері жетерлік. Мұндай қабілет кез-келген адамның бойынан табылмауы да мүмкін. Бұл тек Алма Сарықызына ғана тəн қасиет айтуға толық негіз бар. Тізе берсек, оның өмірі бір кітапқа арқау болар дүние. Ұзақ жылғы еңбегінің нəтижесі алдағы күндерде де бағалана жатар, Əрине, өмір бойғы еңбегі мемлекеттік наградалармен айшықталып жатса, артық емес. Бүгінде Алманың өнердегі бағасын, елге сіңірген адал еңбегін, оған деген жұрттың ықылас-пейілінен де аңғаруға болады. Аудан халқы оның іскерлік қабілетіне дəн риза. Ең бастысы, Алма өзінің аяулы енесінің ақ батасын алып, алғысқа бөленіп отырған қадірлі жан. Ене мен келін арасындағы жарасымды сыйластықты дүйім жұртқа үлгі етіп отырған бір шаңырақтың отанасы.

Ендеше, береке мен бірлігі жарасқан Алма Қадырованың отбасы шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейміз!

Қайрат ЖҰМАБАЙ