«Ахмет Байтұрсынов — қазақтың рухани көсемі»
Ұлт ұясы – Ұлытауда Ахмет БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ 150 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты аудандық конференция өтті.
Ұлытау ауданының мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – мемлекеттік тілді дамыту, қоғамдық рөлін арттыру. Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы мен ғылыми еңбектері туралы мəлімет беру. Осы мақсатта ұйымдастырылған шарада тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы, ірі ғалым, көсемсөз шебері, əдебиет зерттеушісі, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсыновтың ұлт мүддесіне арнаған еңбегі əңгімеге өзек болып өрілді.
Алқалы жиынның тізгінін Қарағанды облысының тілдерді дамыту орталығының директоры, педагогика ғылымдарының магистрі Алмагүл Игенова ұстады. Конференцияда академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бектұрсын Қалиев – «Ахмет Байтұрсынұлы жəне қазақ тілінің дыбыс жүйесі», осы университеттің қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Мархаба Тұрсынова – «Ахмет Байтұрсынұлы жəне қазіргі қазақ жазуы» тақырыбында баяндамалар жасады. Сондай-ақ, шара аясында Ахмет Байтұрсынұлы жайында бейнефильм мен көрнекті материалдар көрсетілді. Бұдан соң конференцияға қатысқан ардагер-ұстаз Шəрипа Сағадиева, аудандық мəдениет үйінің қызметкері Əйгерім Əубəкірова, Қазақстанның Құрметті журналисі Мағзұмбек Машайықов өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жиын сұрақ-жауап түрінде өрбіді.
Конференция соңы аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мүсілім Құдайқұловтың қорытынды сөзімен түйінделді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ