«Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының ұлы көсемі»

Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына биыл 150 жыл толды. Ол – тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы.

2022 жылдың Жыл кітаптарын таңдау бойынша «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында оқуға ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы шығармалары ұсынылды. Осыған орай Ұлытау аудандық балалар кітапханасында Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мүсілім Егзекұлы, Ұлытау аудандық орталық кітапхана әдіскері Гүлім Баймағанбетова, №1 Ұлытау жалпы орта мектебінің оқушылары және мектеп кітапханашысы Жұлдыз Мырзахметованың қатысуымен Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына «Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының ұлы көсемі» атты танымдық сағат өткізілді. Танымдық сағатта Ахмет Байтұрсынов өмірі мен шығармалары туралы ақпараттар берілді. Оқушылар назарына Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі, жұбайы, мұражай үйі, жәдігерлері арқылы туған жері, өскен ортасы, өзі қолданған бұйымдарына жеке-жеке тоқталып, слайд арқылы көрсетілді. Танымдық сағат соныңда оқушыларға арналған «Кім көп біледі?» атты сұрақтар жиынтығынан тұратын бөлімде сұрақтар қойылып, оқушылар өздері білетін сұрақтарына жауап берді. Одан кейін «Ұлтымыздың ұстазы – Ахмет Байтұрсынов» атты жыл бойына тұрақты жұмыс жасайтын

кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды. Көрмеге А.Байтұрсыновтың бестомдық шығармалар жинағының 1-т, А.Байтұрсыновтың алтытомдық шығармалар жинағының 1-т, 2-т, 4-т, «Әдебиет танытқыш», «Аманаты Алаштың», «Жеті ғасыр жырлайды», «Қазақ тіл білімінің мәселелері», «Бес арыс», «Шәкәрім және Алашорда», «Алаш қозғалысы», «Ақжол» (газеті) атты көптомдық кітаптар және биылғы газет беттеріне шыққан мақалалар мен нақыл сөздері қойылды. Көрме соңыңда Ұлытау аудандық балалар кітапханасының оқырманы Ерғали Аяулым Ахмет Байтұрсыновтың «Жұртыма» деген өлеңін мәнерлеп оқып берді. Көрме Ұлытау аудандық балалар кітапханасында жыл бойына жұмыс жасайды.

Қазақ әдебиеті тарихында Абайдың орны қандай болса, қазақ тіл білімі мен мәдениеті тарихында Ахмет Байтұрсыновтың орны сондай. Оның өмірбаяны, бар тірлік-тынысы, ой-арманы, туған халқына деген қалтқысыз қызметтен тұрады. Оның өмірін сондықтан да жеке адамның, жеке бір маманның өмірі деп қарауға болмайды. Ол халықпен біртұтас, қалың елмен тамырлас, ел жүгін қайыспай көтерер нағыз халық перзенті.

Мәдина Елеуова,

Ұлытау аудандық балалар кітапханасының библиографы.