Қадір түнінің қасиеті

Қадір түні араб тілінен аударғанда (ةليلُردقلا – ләйләтул-қадір) – қасиетті түн деген мағынаны білдіреді. Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Осынау түн жайлы Құран Кәрімнің «Қадір сүресінде» баяндалған. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.

Құран Кәрімге түсініктеме жазған мәшһүр ғалым Ибн Кәсир «Қадір» сөзінің төмендегідей үш мағынасы бар екенін айтып өтеді:
«Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Осыған байланысты қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады. Бұл жердегі тағдыр ұғымы, әуелгі тағдырдың паш етілуі болатын. Өйткені, Құран Кәрімде: «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады», – деп бұйырылған. Онда «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – деді («Тафсир әт-Табари» 25/65).
«Қадір» сөзі «абырой, бедел» мағынасын береді. Яғни, қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Бұл хақында Құранда: «Қадір түні мың айдан да қайырлы», – деп баяндалады.
«Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын береді. Осыған байланысты зерттеуші ғалымдар қадір сөзі тарылу мағынасын да білдіреді деген жорамалдар жасаған. Өйткені, бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады. Бұл жайлы Құранда: «Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі», – деп баяндалады.
Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, «сығылысудағы» мақсат – үлкен қайырлы істердің жүзеге асуы және Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде Жәбірәйіл (ғ.с.) алғашқы уахи түсіргенде, ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жаны сығылғандығы белгілі. Негізінде, Қадір сөзі осы үш мағынаны да қамтиды.
Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнін төмендегіше атқаруды үндейді:

1. Бұл түнде Алланың ризалығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек. Құптан, тарауих, тәһәжжуд, тәубе, қажет, қаза намаздарын оқуға тырысу қажет.
2. Құран Кәрім оқу, тыңдау, оны түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.
3. Пайғамбарымызға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмбетінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт.
4. Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуға тиістіміз.
5. Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру керек. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.
6. Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есепке алып, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға бет бұру шарт. Осы күнге дейінгі барлық күнәларыңыз бен қателіктеріңізді есіңізге түсіріп, Алла Тағаланың кешіруін сұрап, дұға жасаңыз. Себебі, барлық күнәларды кешіруші Жалғыз Алла ғана.
7. Алланы зікір етіп, пікір (терең жақсы ойлану) етіп, Ұлы Жаратушының ұшы-қиыры жоқ құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына үңіліп (жақсы терең ойланып), иманымызды күшейтуіміз қажет. Алланы еске алғаннан жүрек тынышталады.
8. Жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені, дұға – адамды Ұлы Жаратушыға жақындататын дәнекер. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: «Аллаһумма иннәкә ғафу’ун тухиббуль ғафуә, фәғфу анни!».
Мағынасы: «Уа Жаратушы ием! Сөзсіз Сен кешірімдісің әрі кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!». Айша анамыз Алланың Елшісінен: «Қадір түнінде не айтсам болады?», – деп сұрағанда, Ол صلى الله عليه وسلم осы дұғаны айтуды кеңес еткен.
Бұл Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін, Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын, елдің амандығын, көркеюін және күллі адамзатты апаттардан сақтауын тілеуіміз тиіс.
9. Шамаңыз келетін көлемде садақа беріңіз және садақаңыздың қабыл болуын сұрап Аллаға жалбарынып дұға етіңіз. Садақаңыз қабыл болса, 83 жыл 4 ай үздіксіз садақа берген боласыз.

Жанболат РАҚЫМБЕРДИЕВ,
Ұлытау аудандық орталық мешітінің бас имамы.