Абай әлемімен сырласты

Сейсенбі күні Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау танытып, өңірлік Іскер әйелдер қауымдастығының әлеуметтік тапсырысы бойынша «Абай қара сөздері – алтын қазына» атты байқау ұйымдастырды.

Байқауға 18 бен 29 жас аралығындағы жастар қатысып, Абай қара сөздерін жатқа оқудан сынға түсті. Байқау барысында қазылар алқасы Абайдың қара сөздерін қаз қалпында жеткізуді қатысушылардан талап етті. Өйткені, хакім Абайдың баға жетпес шығармашылық мұрасы — елімен бірге жасасып, халқымыздың санасына сәулесін түсіріп келе жатқан рухани қазына. Сондықтан да болар, байқаудың жүгі салмақты болды. Үміткерлердің де зеректілігі мен сөйлеу мәнеріне мән берілді. Мұны қатысушы тарап жақсы сезінген тәрізді. Бар өнерін ортаға салып, Абай қара сөздерін барынша әсерлі жеткізуге тырысып-ақ бақты. Десек те, байқаудың аты – байқау. Біреуі жеңіске жетіп жатса, екіншісінің қалыс қалатыны, ол да – табиғи заңдылық. Былай айтқанда, байқау жүзден жүйрік шығаратын дүбірлі дода. Шын талант осындай байқауда танылады. Осыны қазылар тарапы да берік ұстанып, байқау барысында үміткерлердің ішінен мықтысын таңдап, әділ бағасын берді. Сонымен қазылар алқасының шешіміне сәйкес, үшінші орын №4 Қаракеңгір орта мектебінің мұғалімі Айдана Уызбайға, екінші орын Егінді ауылынан келген Сабыржан Кеделовке, бірінші орын Терісаққан ауылы клуб үйінің қызметкері Қуандық Қожадиясқа бұйырды.

Байқау соңында жеңімпаз бен жүлдегерлерге дипломдар және қаржылай сыйлықтар табысталды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ