Абақтыдағы алты ай азап

Азап құрсауында әлсін-әлсін талықсып жатып, санасына саңылау енгенде «осы мен тірімін бе?» деген ой жылт ете қалады. Қарасұр жылантүстес тергеуші басына мұздай су құйып, есін жинады-ау дегенде әдеттегі айғайына басады. Тегінде әділдік бар санасы менсүйегіне сіңген мəрттігі нақақ жалаға дес бермей, алты айдың жүзі қасарысумен келеді… Бұл – әдеби шығармадан алынған үзінді емес, әкем Әбілдің туған ағасы Әңкіш ТІЛЕУБАЕВ өз басынан кешкен шынайы жағдай.

Түсінігі шалшықтай саяз, ұрдажық тергеуші өз дегеніне көндіру үшін, қисынсыз сұрақтарды жаңбырша жаудырады. Қанағаттанарлық жауап ала алмаған соң, ұрып-соғып, тәнімен қоса жанын да қинайды.

– Шыныңды айтасың ба, жоқ па?!

– Немді айтам? Айтарымды айттым, бар айыбым – қоймадан көпбалалы, аштықтан өлуге таяған семьяға жарты пұт бидай бердім. Басқаша жазығым жоқ.

 – Көрсетем мен саған жазығым жоқты, малғұн! Жапон тыңшысы екеніңе бұлтартпас айғақ бар, ол туралы ауыз ашпайсың. Ішек-қарныңды суырып тұрып мойындатам, Отанын сатқан опасыз! Оны сен жасырғанмен сыбайластарың əшкерелеп отыр. Тірі қалғың келсе, қылмысыңды мойында!

– Жоқ! Бұл – жала! – деуге үлгермей, оқыстан тиген ауыр соққыдан есінен танып құлайды… Осылайша, ит қорлықтағы алты ай… Қу сүйек кеміргендей болған тергеуші… Ақыры, сағыздай созылған «қылмыстық» іс сотқа атышулы 58-баппен жолданыпты. Белгіленген күні екі қарауыл сүйемелдей сүйреп соттың алдына әкеледі. Сот айыптау қорытындысына бір, сотталушыға тесіле екі қарап отырып, басын шайқаса керек. Айыпталушы аты-жөнін айтуға шамасы келмегендіктен, «Денсаулығын оңалту шарасы жасалсын» деген шешіммен істі қарау он күнге шегеріледі. Содан түрмеге қайтарып, ас-су бергізіп, ем-дом жасаттырыпты.

Тергеуші ауыстырылып, жалған куәгерлермен беттестіріледі. «Жапон тыңшысы» деген айып негізсіз деп танылады. Келесі сот отырысына атам өз аяғымен келіпті. Жаңа тергеуші қосымша тергеу нәтижесіментаныстырып, қылмыс құрамында 58-бапқа қатысты іс-әрекеттің жоқ екенін мәлімдейді. Содан барлық айып негізсіз деп табылып, сол залдан бостандыққа шығарылады. Тек, үкім күшіне енгенше, бір ай Атбасардан кетпеуді міндеттепті. Арада ай өткен соң,сот төрағасы үкімді қолына беріп тұрып «Красноармеец Анкиш Тлеубаевич, разве вы не узнали меня?» деген ғой. Атам ревком құрамында болған, Атбасар, Есіл, Терісаққан өңірлерінде бірге жүрген байырғы қарулас досын сонда ғана таныпты.

Сот досынан ат мініп, ел шетіне жетеді. Ұзақ уақыт хабар-ошарсыз қалған Әңкішті ел «итжеккенге айдалып кетті» деп ұйғарып қойса керек…

Бұл кісі мені туған бетте бауырына салып алған екен, қысқасы, шапанының шалғайында өстім. Тәттінің тапшы әрі таңсық кезі, атамның қалтасынан кір-кір науат қант пен кәмпит үзілмейтін. Есіктен әкем көрінген бетте, «кәне, балам, ана Әбілді боқтап жіберші» деп бере қоятын. «Өзіме тарт» деп, аузыма түкіруші еді. Мен түсінбейтін бөтен тілдегі сөздерді де айтатын. Үйіміз әңгіме тыңдаймыз деушілерден құр болмайтын. Ұлытауда атаммен тұстас қариялар көп еді. Атам «А, ну, тарзан, катись!» дегенде жиылған жұрт қыран-топан күлкіге кенелетін. Бір қызығы, уақыт өте келе әлгі сөзі «тарзан, катись!» болып қысқарып, содан «катись» деген атау маған таңылып, ақыры, өткен ғасырдың қойнауына сіңіп, ол да өшті.

Атақты ғалым, археолог Әлкей Марғұлан Ұлытау өңірінде археологиялық қазба жұмысын жүргізгенде Аманкелді кеңшарымен шаруашылық қатынаста болып, бірде кеңшар директоры Әліпбек Бекетаевтың, келесі келгенде жездем Жақия Смағұловтың үйіне түсетін. Бір жолғы сапарында академикпен дәмдес болып, сұхбат құруға елдегі қариялар шақырылды. Жазғы каникул кезі, қолдарына жағалата су құйып жүргем. Бір ақсақал «Жақия, сенде мынадай бала жоқ еді, бұл қай бала?» деп сұрады. «Ұлытаудағы Әбілдің баласымын» дедім. Әлгі қария «Әй, «А, ну, тарзан катистің» баласы болдың ғой» деді жымия күліп. Содан Әне есімді әлгі кісі Әлкейге «Бұлар сіздің туыстарыңыз, мына Арғанатыны жайлап-қыстаған Арғын Сүйіндік елінен болады» деді. Содан Әнені көрсем, бұрылып сәлем беруші едім. Ол кісі мені көзі жұмылғанша «Тарзан, катистің» немесе «итжеккенің баласы» деп кетті.

«Тозақ» дауылы тоздыра алмаған, жаны – сірі, тәні – тулақ, өзегі – өрт, жүрегі дертті атам жарықтық әңгімесін әркез «Біз көргенді ұрпақ көрмесін» деп түйіндейтін.

Атамның белінен он бес бала өрбіп, ем-домы кемшін кезеңдешетінен шетінеп, жалғыз ұлы Жәкен қалады. Ол Ұлы Отан соғысында Керчь қаласы үшін болған шайқаста 1943 жылы қаза табады. Ерлігі үшін І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Мұханбетжан ӘБІЛОВ,

мемлекеттік қызмет ардагері.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Cуретте: Әңкіш Тілеубаев, Туғанай әжем, алдында отырған – мен.