Ақыл-парасат иесі
Бұл кісімен өмір жол айрықтарында рухани тұрғыдан ниеттес болып, айлар мен жылдар құшағында кәдімгі аға-інідей араласып келеміз. Жырақта жүрсек те, бір-бірімізге қоңырау шылдырлатып қоятын әдетіміз бар. Қысқасы, ол екеуміздің арамызда көзге көрінбейтін бір жақындық байланыс орнаған.
Былай байырқаласам, оны көп те, аз да білетін сияқтымын. Ойы терең, сөзі салмақты, қатардағы адамдар сезіне де, түйсіне де алмайтын нәрселерді сезе алушы болмыс иесінің ішкі жан-дүниесін бір демде аңғара салу, тіптен де, жеңіл-желпі шаруа емес. Дей тұрғанмен, Сағындық Үсенұлы ҚОЖАМСЕЙІТОВТІ өз уақытының сөзін сөйлеп, қырағы көзі мен құйма құлағына айналған адамы ретінде танимын.
Ол кісінің қарамағында істеген жылдар маған үлкен өмір мектебі болды. Қожамсейітов берген тапсырманы орындамау деген миға қонбайтын нәрсе болатын әрі бұл Сағындық Үсенұлынан қаймыққандықтан немесе өзгеше бір себептен емес. Мәселе ол кісінің жеке басының бәрімізге үлгі бола білуінде еді. Мен Сәкеңнің біреумен сөз шайысып жатқанын, біреуге дауыс көтергенін, біреудің сыртынан оғаш әңгіме айтқанын ешқашан естігенім де, көргенім де жоқ. Иә, кез келген жан сынай да, кінәлай да, жазғыра да алады. Көп адамдар нақ осы бағытты ұстанады да. Дегенмен, мәселені түсініп, кешіріммен қарай білу үшін мығым мінез бен үлкен ұстамдылықтың болғаны ләзім.
Өзгенің кемшілігін адамның көңіліне дақ түсірмей көрсету де, оған өткір сынды немесе өзекті мәселені астарлап айта білу де өнер екенін білген жөн, ал мұны Сәкеңнің бойынан толық аңғаруға болады. Әлдеқалай ол кісінің көңіліне жақпайтын іс жасап қойсаң, міндетті түрде оған қатысты баспасөзде жазылған ұлағатты сөздер немесе әңгімелердің қиындысын тауып алып, сенің қолыңа ештеңе айтпастан ұстата қояды. Бұдан кейін сен, әрине, өз мініңді жөндеуге, жіберген қателігіңді кейін қайталамауға тырысасың.
Бүгінде «зиялы» деген сөзді жиі қолданатын болдық. Ретті, ретсіз әркімге жапсыра береміз. Өз басым «зиялы» деген қасиетті атауды ақыл-парасаты мол, елі мен халқына деген жүрегі таза, мәдениетті, жүріс-тұрысы, мінезімен өзгеге өнеге бола алатын адамдарға лайық көремін. Мен көрген, парасатты лебізіне құлақ түруден бір жалықпайтын Сағындық Үсенұлы сондай жан. Сексеннің сеңгіріне шыққан кезінде де, тек қана жасампаздық идеяларды таратушы және насихаттаушы қалпын сақтап келеді. Ең бастысы, ол қызметін Алла ырзалығы үшін атқарып, адамдардың алғысына бөленуде. Бұл – өте маңызды әрі мәңгілік құрмет! Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданының Құрметті азаматы атануы – соның айқын куәсі іспетті.
Он жыл бұрын Сағындық ағамыздың 70 жылдығына орай арнайы мақала жазып, оны былай түйіндеген едім: «Жетпіс деген жас – адам баласының күзі. «Не ексең, соны орасың» деген сөз осы күз мезгіліне арналған. Ұйқысұрап жүргеннің күзі қара суық болады. Ал еңбекқор, жан-дүниесі бай, жүрек сезімі адал адамның күзі де базарлы келеді. Сағындық Үсенұлы – осындай көп өнім берер алтын күзге аяқ басқан аяулы жан. Рухани қоржынында сан алуан жүк теңдері бар және бола да бермек. Олай болса, сексеннің ауылына қарай керуен тарқан көшіңіз көлікті болсын, құрметті Сәке».
Тілек үдесінен шыққан Сәкең енді сексеннен секіріп өтіп, тоқсанға тоқтамай, жүзге жетсін!
Арғы жағын сосын ақылдаса жатармыз…
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы.