Ақсұлтан ерледі

Жақында Ұлытау ауданына қарасты Қоскөл ауылынан шыққан жас спортшы дюздо спортынан үлкен жетістікке қол жеткізді. Астана қаласында өткен республикалық деңгейдегі дзюдо жарысында №11 жалпы білім беретін мектебінің 4-сынып оқушысы Ақсұлтан Абдолла жүлделі II орынды иеленіп, ел абыройын асқақтатты.

Жас спортшының бұл жетістігі – табанды еңбек пен жүйелі жаттығудың нәтижесі. Ақсұлтан Абдолланы жарысқа дайындаған жаттықтырушысы – тәжірибелі бапкер Ренат Елеуліұлы. Оның шәкірттеріне деген жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігі болашақ чемпиондардың қалыптасуына зор үлес қосып келеді.
Астана төрінде өткен тартысты бәсекеде Ақсұлтан өз қарсыластарымен тең дәрежеде күресіп, қайсар мінезі мен спорттық шеберлігін көрсете білді. Бұл жеңіс – жас спортшы үшін ғана емес, Қоскөл ауылының спорт саласындағы үлкен жетістігін көрсетеді.
Болашақта да Ақсұлтан Абдолла еліміздің көк байрағын биікте желбірететін мықты спортшы болатынына сеніміміз мол. Жас балуанның алар асуы, шығар биігі алда!

Алтынай БАТЫРБАЙҚЫЗЫ,
№11 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.