Көненің көзі — мұражайда

Таяуда Тұңғыш Президент күніне орай, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайында қор экспозициясы ашылды. Бұл – республика аумағында ашылып отырған алғашқы қор экспозициясы. Айта кетейік, қор экспозициясы әлемнің дамыған елдерінде, оның ішінде көршілес Ресей мемлекетінде де бар. Бүгінгі күні тұңғыш рет Қазақстанда ашылып отырған қор экспозициясы ұлт ұясы – Ұлытаудан ашылуы көңіл қуантады.

Экспозицияның міндеті – қордағы сақталған жәдігерлердің 90 пайызын келушілерге көрсету. Өйткені, қорда көне мұралардан сыр шертетін жәдігерлер жеткілікті. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ұлтымыздың ұлылығын паш ететін дүниелер көп. Сонысымен экспозиция басқа экспозициялардан ерекшеленіп тұрған тәрізді. Қор экспозициясы мұражай ғимаратының екінші қабатындағы үлкен залға орналасқан. Экспозицияның аумағы – 500 шаршы метрді құрап отыр. Мұндағы жәдігерлер түпнұсқасына сәйкес, бір жүйеге келтіріліп қойылған. Сонау палеолит, неолит дәуірлеріндегі сирек кездесетін жәдігерлер де топтастырылған. Сондай-ақ, таста қашалған еңбек құралдары, мыс, қола, темір жебелер, найза ұштары, тіпті арасында бүгінгі замандағы қолданбалы өнер мен тұрмыстық мәдениетін көрсететін жәдігерлер де бар. Сонымен қатар, сан алуан ат әбзелдері, ою-өрнекпен өрнектелген ұлттық киімдер де экспозицияға сән кіргізгендей. Бұған дейін мұражайдың осы екінші қабатында «Қазақ хандығы», «Археология», «Этнография» залдары болған. Бұл жолғы экспозиция бұлардан басқаша. Қордағы жәдігерлер, былай айтқанда, экспозицияға шығарыла бермейтін құнды дүниелер. Бұл әрине, ізденімпаз басшы Б.Қожахметовтың мағлұматқа толы, идеясының бірі десек артық айтқандық емес.

Бір себептен, биылғы мұражайдың 30 жылдығы аясында жасалып отырған игі істің бірі десек те болады. Ең бастысы, экспозицияда құнды жәдігерлердің болуы көпшілікті таң қалдыруда. Осындай жағымен, «Ұлытау» қорық-мұражайы Ұлы Дала тарихын насихаттайтын бағалы мұралары бар алдыңғы қатардағы мәдениет ошағы екенін айқындай түседі.

Қайрат ЖҰМАБАЙ