Ата Заң күні аталып өтті

Аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың аппараты, депутаттар корпусы, аудандық мекемелер мен ұйымдардың өкілдері, ауданның Құрметті азаматтары, аудан жұртшылығы мен қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Салтанатты шарада Ұлытау аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Сәрсен Сағатов пен аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек аудан тұрғындарын Конституция күнімен құттықтады.

Бұдан кейін «Ұлытау аудандық ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шаяхмет Үмбетов ыстық лебізін білдіріп, марапаттау рәсімін жасады. Атап айтқанда, аудандық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Айман Байзақова ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мүсілім Құдайқұлов ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Байқоңыр ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Олжас Бекетов ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Өз тілшімізден.