Онлайн болса да, оң нәтиже бар
Коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында көктемнен бері мәдени-көпшілік ісшаралар онлайн режимде өткізіліп келеді. Бұл үрдіс Мибұлақ ауылында да қалыптасқан. Кешегі карантин уақытында да ауылдықтар мәдениет саласының жаңалықтарынан тыс қалмаған…
Әсіресе, клуб жанындағы қолөнер үйірмесі онлайн режимінде жұмыс істеп, тәп-тәуір нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Үйірме жетекшісі Самал Вазиеваның айтуынша, 20 мүшесі бар үйірме жемісті жұмыс істеп, ауылдастарының көз қуанышы болып отырған сыңайлы. «Көз қуанышы» дейтінім, үйірме мүшелерінің қолынан шыққан бұйымдар ауылда көрмеге қойылып, жұртшылықтың жақсы бағасын алуда. Ауылда өтетін түрлі мерекелік шараларда балалардың қолынан шыққан жаңа бұйымдармен толыққан көрме көрермендердің көз қуанышына айналған.
– Кешегі карантин жарияланған күннен бері біз онлайн режимінде жұмыс істеудеміз. Мен балаларға биссермен жұмыс жасаудың тәсілдерін, қатырма қағаздан гүл жасаудың әдістерін, ою-өрнектер, матамен жұмыс жасау, тоқыма тоқу сияқты ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйретемін. Балалар соны жасап, көрмеге қойып, өз еңбектерінің бағасын алып жүр, – дейді Самал Базарбайқызы.
Жалпы үйірме 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Қатысушылар саны жиырмадан кеміген емес. Жұрттың көңілін жадырататын қолөнер түрлерін жасайтын болғандықтан үйірмені де «Жадыра» деп атапты.
– Рас, ауылдық деңгейден әріге барып жүргеніміз жоқ. Жүрексінеміз. Бірақ, ауылға келген бір сапарында аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлы көрмемізді көріп, жақсы баға берді. Бұл бізді қанаттандырып отыр. Сәті түссе аудандық деңгейдегі байқауларға қатысып, бағымызды сынап көрмекпіз, – дейді үйірме жетекшісі.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ