Өзекті сауалдар сарапталды

Ұлытау ауданы әкімдігінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт ОСПАНОВТЫҢ төрағалығымен кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті. Оған аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ қатысты. Мәжіліске кент, ауыл әкімдері ZOOM платформасы арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – түрлі дәрежедегі автокөлік жолдарын қыс маусымына дайындау туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автокөлік жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Әмір Әлмағанбет баяндады. Мәселеге қатысты Мақсұт Сәрсембайұлы істің жайын бақылауда ұстауды тапсырды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов 2022-2023 жаңа оқу жылына дайындық және жазғы сауықтыру жұмыстарының қорындылары жөнінде ақпарат берді. Сала басшысы мектептер жаңа жиһаздармен жабдықталатынын, бірнеше жаңа кабинеттер ашылатынын, материалдық-техникалық база нығайып, жаңа техникалармен қамтамасыз етілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, аудан орталығында бастауыш сыныптарға арналған мектеп салынатынын атап өтті. Мектепке 200ге жуық оқушы қабылданады. Нысан құрылысы 2024 жылы басталады деп жоспарлануда.

Күзгі егін ору жұмыстарына дайындық бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин ақпарат ұсынды.

Мәселеге қатысты Мақсұт Оспанов «Сыбаға» бағдарламасы бойынша кент, ауыл әкімдеріне жұмыс ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар, тамыз айынан бастап, 6 пайызбен 10 жылға дейін лизингке техникалар алуға болатынын хабарлады.

Жиында басқа да өзекті мәселелер қаралып, жан-жақты талқыланды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.