Құрметті ұлытаулықтар!

Сіздерді аудандық «Ұлытау» газетінің 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

Ұлт ұясының рухани-мәдени әлеуеті мен әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне қатысты ақпарат тарату ісіне өлшеусіз үлес қосып, өңірдің өркендеуіне қызмет етіп келе жатқан «Ұлытау» газеті – бірегей ақпарат құралы.

Елдің сөзін сөйлеген тарихы тағылымды басылым атқарушы билік пен халық арасында дәнекер болып, майталман қаламгерлер, ақын-жазушылар мен белгілі журналистер еңбек еткен қастерлі қара шаңыраққа айналды.

Ұлытау ауданы тұрғындарының сенімді рухани серігіне айналған басылымда қаламы қарымды әр буын өкілдерінің сара жолы жатыр. Газет өзі жүріп өткен 80 жылда адамның санасында зерделі ой, өнегелі тәрбие қалыптастырып, оқырмандарына рухани азық бере білді. Сондықтан, салмақты басылым ақпарат ағыны толас таппайтын заманда бәсекелестік талабына төтеп беріп, өзінің сындарлы қалпын сақтап, биік белестерден көріне береріне күмәнсіз сенемін.

Құрметті жерлестер!

Сіздерді «Ұлытау» газетінің айтулы мерейтойымен тағы да құттықтаймын!

Басылым ұжымының мемлекеттің ақпарат саласындағы саясатын жүргізудегі, жас ұрпақты еңбекке, шығармашылыққа баулудағы өлшеусіз еңбегіне сәттілік пен береке тілеймін!

Газеттің мерейтойы – аудан халқының ортақ қуанышы!

Мерейлі қуаныш баршамызға құтты болсын!

Құрметпен,

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,

Ұлытау ауданының әкімі.