Талдысай – көне металлургия мекені
Қола дәуірі адамзат қоғамының дамуында көптеген түпкілікті өзгерістер әкелді. Оның ішінде, малшаруашылығы, жер өңдеу, металлургия және руданы өндіру, металдан, қоладан еңбек құралдарын және қару мен әшекей дайындау, тұрғын үй салу дамыды. Сонымен қатар адамдардың рухани өміріне бірқатар өзгерістер енгізіле бастады. Бұның барлығы ғұрыптық және алғашқы қауымдық дүниетанымдағы мифологиялар және басқа өмір туралы концепциялар адам өміріне өзгерістер енгізді.
Металл балқыту ісі көне металлургия білім мен біліктілікті, мол тәжірибені талап етті. Мұның барлығы от шеберіне көнеден бері ерекше құрмет және үлкен қорқынышпен қарауға итермеледі. Металлургия сырын тайпа ішіндегі тек қана арнайы бірнеше адам білгендігі этнографиялық деректерде кездеседі, сондай-ақ аталған адамдар ғана мыспен басқа металдарды балқытуға құқылы болған. Бұл құбылыс құпия түрінде болған және шебер оны тандаулы адамға ғана үйреткен.
Көне қоғамда металл қорытуға қатысты көптеген ғұрыптық жоралар жасалған, яғни ғұрыптардың тазалығы тікелей әсер ететініне сенімді болған тұрғындар, жаңа салынған пештерді қасиеттеп, астына сиқырлы заттарды көмген. Ал, малшылар құрбандыққа мал шалған деген болжам да жасауға болады. Осындай ғұрыптар мен жоралғылар жүйесі таза өнім алуға бағышталған. Металл қорыту жұмысы күрделі тыйымдармен де белгілі. Мысалы Африкадағы зулус металлургтері кен қорытуды адам жүрмейтін тасаларда жүргізген, себебі олардың жұмыстарын ешкім көрмеуге тиіс болған. Сондай-ақ, металдың таза өнімін алу үшін руданы адамнын майымен аластау керек деген үғым бар, ал ол үшін адамды құрбандыққа шалған. Сондықтан да, металлургтерден айналадағылар қорқып, ұстаханаларды мүмкіндігінше айналып өтетін болған. Ал ,егер де, металл қорыту техникалық себептерден дұрыс өнім бермеген болса, онда ғұрыптар дұрыс жасалмаған немесе металлург рухтарға жақпаған деген пайымдармен түсіндірген (Құрманқұлов Ж, Ермолаева А.С, Ержанова А.Е. Талдысай қонысы көне металлургия ескерткіші. – Алматы 2012).
Талдысай металлургиялық қоныс орны көне кеншілер металлургтар өмір сүрген елді мекен, металл балқыту ісі мен басқадай қолөнерлер өркендеген өз заманының ірі шаруашылық өндіріс орталығы. Бұл жердегі археологиялық зерттеу жұмыстары 1994 жылдан басталған. Нәтижесінде шахталық типтегі пеш орындары, тұрғын үй -өндірістік кешендері, құрбандық алаңдары анықталған болатын. Металлургиялық қоныс орнында құрбандық шалудың бірнеше түрлері ашылды. 1) Металлургиялық жұмыстардың кезекті циклының басында берілетін құрбандықты металлургиялық шұңқырлар мен ошақтардың жанындағы еденнің кішігірім куыстарында жатқан төрт қозының қаңқасы сипаттайды: 2) Уйді тұрғызар алдында, не болмаса кешеннің қызмет көрсету барысында жасалған құрбандық жануар сүйектері мен еңбек құралдары түрінде көрсетілген. Заттар тұрғын үй шеберханасының қабырғасы түбіндегі екі шаруашылық немесе құрбандық шұңқырларына жайғастырылған; 3) Үй-шеберхананы қалдырар кезде жасалған құрбандыққа сатылы қабырғаға жануар сүйектері мен бір шоқ мыс кені және қабырға түбіне араластырып сүйек пен тас бұйымдары қойылған.
Шығыс тұрғын үй өндірістік кешенінің оңтүстік-шығыс және солтүстік-батыс секторларында шартты түрде оңтүстік және солтүстік деп аталған екі құрбандық алаңы ашылды. Онда кезінде ірі қара сиыр малы және ұсақ малдың тұтас және бөлшектелген сүйектері анықталған. Малдардың тұтастай және және бөлшектенген сүйектерінің дене бөліктері шұңқырдың бетіне де, шығыс металлургиялық шұңқырдың түтіндігінде де қойылып отырған. Түтіндіктен солтүстікке қарай жануарлармен бір мезгілде немесе біраз уақыт үзілісінен кейін жерленген жұптасқан екі адамның қабірі ашылды. Басы батысқа қараған мүрделер бірінің артынан бірі қол аяғын бауырына алған күйінде жерленген. Солтүстік мүрде оңтүстік мүрденің аяғында етпетінен қойылған. Шығыс металлургиялық пештің үстіндегі ірі малдың бас сүйегінің жанында төменгі жағы жоқ адам бас сүйегі жатты. Бұл жағдайдағы құрбандық металлургиялық өндірістің тоқтауымен және тұрғындардың үйді қалдырып кетуімен байланысты болған. Өйткені сүйектердің орналасу сипаты кешеннің одан әрі қарай жұмыс істеуінің мүмкін еместігін көрсетіп отыр. Құрбандар үй – шеберхананың едені мен металлургиялық кешенді жайып тұрған қабатта орналасқан. Құрбандыққа тек қана жануарларды ғана емес, шамасы адамдарды да, еңбек құралдары мен ыдысты да қойған. Жануар сүйектерінің арасында сүйек пен тастан бұйымдар айтарлықтай көп. Талдысай қонысындағы ежелгі құдыретті күш белгілері ен алдымен металлургиялық өндіріспен байланысты болды (Артюхова О.А., Курманкулов Ж., Ермолаева А.С., Ержанова А.Е. Комплекс памятников урочище Талдысай. – Алматы.2013).
Көне кеніштер қазіргі кезге дейін көне металлургтардың мекені ретінде қоныстар күйінде сақталған, қоныстардың бірі — Талдысай. Бұл қоныстың мәдени қабаттарынан металлургияға қатысты көптеген мұралар табылды.
Гүлмира ЖАМАНТАЕВА,
Айдар ИСКАКОВ.