Таза мектеп – ауыл айнасы

Адам мен табиғат əрқашан егіз. Табиғат бүкіл тіршілік атаулымен тығыз байланысты. Ата-бабамыз «Жер-қазына, су-алтын, мал-байлық» деп бекер айтпаса керек. Əр уақытта табиғатқа жанашырлықпен қарау баршаның ісі. Осы ұстаныммен Қарсақбай кентіндегі №15 Ж.Жабаев атындағы Тірек мектебінде «Таза мектеп ауласы», «Эко ВООМ» акциясы аясында марафон ұйымдастырылды. Атаулы акцияға салауатты өмір салтын ұстанатын, тазалықты сүйетін табиғатқа жанашырлықпен қарайтын мұғалімдер мен оқушылар қатысты.

Акцияның ашылу салтанатын мектеп директоры А.Шалғынбаева кіріспе сөзімен ашты. «Эко ВООМ» жобасының мəн-маңызын түсіндіріп, атқарылатын жұмыстарын таныстырды. Бұдан кейін мектеп ауласындағы қоқыстар сыртқа шығарылып, ағаш түптеріне əктеу жұмыстары жүргізілді. 8 сынып оқушылары жылыжайды көкөніс егуге дайындап, ретке келтірді. Бұл акция барлық мектеп оқушыларды жұмылдыра отырып, табиғатқа жанашыр болуға адамзат қоғамына, оның келешегіне қамқорлық жасау болып табылады. Білім ошағының көркеюі бəрімізге ортақ міндет. Мектептің таза, көрікті жасыл-желекке бөленуі бірлігімізді білдіретін ортақ игілікті іс. Мектептің гүлденгені ауылымыздың көркейгені. Себебі, бүкіл қазақы болмыс пен ұлттық құндылық осы мектептен басталады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз айтқандай, өсіп келе жатқан жас буынға Отанды сүюді, туған жерді, туған елді қадірлеуді сөзбен емес, осындай нақты іспен көрсеткен дұрыс. Таза мектеп – ауыл айнасы емес пе?!

Əйгерім ҚАМБАРОВА,

№15 Ж.Жабаев атындағы мектептің тəрбие ісі жөніндегі орынбасары.