Күн тәртібінде – көктемгі егіс
Аудан әкімі Советбек Медебаевтың төрағалығымен кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті. Оған аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат, мекеме, бөлім басшылары қатысты. Ал, кент, ауыл әкімдері ZOOM платформасы арқылы онлайн түрінде қосылды.
Күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин баяндама жасады.
Алғашқы мәселеге қатысты Советбек Тұрсынұлы аудан бойынша шаруа қожалықтарының егін егу жұмыстарының барысын сұрады. Сонымен қатар, өзінің берілген тапсырмасына сәйкес, кент, ауылдық округтерде егілетін бау-бақша жұмыстарын ұйымдастырып, осыған қатысты мәселені бақылауда ұстауды орынбасары Мақсұт Оспановқа жүктеді.
Екінші мәселе аясында жазғы дала өртін алдын-алуға дайындық жұмыстары бойынша аудан әкімі аппаратының АҚ ТЖ және ЖЖ жөніндегі бас инспекторы Қайрат Далабаев хабарлама жасады.
Жасалған хабарламаға сәйкес, аудан басшысы дала өртін алдын алуға осы бастан дайындық жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. Өткен жылы жіберілген кемшіліктерді болдырмау үшін дала өртінің алдын алу жұмыстарын ширату керектігін мекеме, бөлім басшылары мен кент, ауыл әкімдеріне тапсырды. Осы мәселеге қатысты жиында мекеме басшылары мен ауыл әкімдері өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Алдағы мамыр айында өтетін мерекелік іс-шара жоспары туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Мүсілім Құдайқұлов, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин ақпарат берді.
Жиын соңын аудан әкімі қорытындылады.