Тұрғындар тілегі ескеріледі
Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ аудандық Мәдениет үйінде өңір жұртшылығымен кең көлемді кездесу өткізді. Оған аудандық мәслихат хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, аудан прокуроры Рахымжан РАХАТОВ, басқа да мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.
Аудан басшысы өз баяндамасында атқарылған жұмыстар ауқымына, олардың тиімді нәтижелеріне тоқталып, алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстар туралы толыққанды ақпарат ұсынды.
Баяндамадан кейін аудан орталығының тұрғыны Қайрат Бекетаев жүйелі жұмыстардың бар екенін тілге тиек етіп, алайда солардың басым денінің сапасыз деңгейде екеніне назар аударды. Тапсырыс беруші тараптың жауапкершілігін арттыру жайын тілге тиек етті. Ұлытау ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенғали Әбжамалов аудан орталығындағы мекемелердің жылу қазандықтарынан шыққан түтін ауаны экологиялық тұрғыда ластауға әкеліп жатқанын айтып шағымданды. Ал, Айжан Наурызбаева ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану жөніндегі конкурс қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеді.
Кездесу барысында тұрғындардың арнайы орнатылған жәшік және әлеуметтік желі арқылы, сондай-ақ, «еркін микрофонды» пайдаланып, тікелей қойған сауалдарына аудан әкімі, тиісті жағдайда оның орынбасарлары мен аудандық бөлімдер басшылары толықтай жауап берді. Осы орайда өңір тұрғындары аудан басшысының кездесуіне онлайн режимде қатысу мүмкіндігін иеленгенін айта кеткен жөн.
* * *
Кездесуден кейін Советбек Тұрсынұлы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініш-тілектеріне құлақ түрді.
Жасұлан АЯШЕВ