Тұрғындар тілегі – басты назарда

Әкімдердің халықпен кездесуі хақындағы жаңа жарлыққа сәйкес, Сарысу, Борсеңгір ауылдарында да тұрғындармен кездесу өтті. Қос ауылдық округтің әкімдері жұртшылыққа жуырда ғана жылдық есептерін тапсырған болатын. Бұл кездесу кеңесу, жоспарлау, пікір алмасу бағытында өтті. Тұрғындармен кездесуге аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, аудандық мәслихат хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади ОБАЙДУЛЛИН, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бақтияр ПАРДАБЕКОВ қатысты.

Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы уақытымен тұспа-тұс келді. Ауыл тұрғындары мен басшылық Жолдауды онлайн форматта бірге тамашалады. Бұл Жолдау – басқа Жолдаулардан өзгерек еді. Себебі арқа аймағының халқы үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Жезқазғанымыз облыс орталығы болып, жаңа облысқа Ұлытауымыздың аты берілді. Қуанышты хабар көптің көңілін көтеріп тастады.

– Бүгін аймағымыз үшін ерекше күн. Жаңа облыстың құрылуы – дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын,- деп бастады сөзін аудан әкімі. «Ауыл әкімдерінің халық алдында есеп беруі енді тоқсан сайын өткізіледі. Бұл нәтижелі жұмыс үшін тиімді тәсіл. Біз ауыл мәселелерінің жылдам шешілу жолдарын қарастырамыз. Биыл Сарысу ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталмақ. Ауылдың жол мәселесін шешу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді Советбек Медебаев.

Келесі кезекте ауыл тұрғындары толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Сәкен Аппазов ауызсу жайлы, Мейірбек Бұзауов дәрігер мамандар жетіспейтіндігі туралы мәселе көтерді.

Борсеңгір ауылы тұрғындарымен кездесуде аудан басшысы мен аудандық мәслихат хатшысы бірден ауыл тұрғындарының сұрақтарын тыңдады. Сейтжан Байкезин Теректі-Борсеңгір бағытындағы жол, мал жайылымы жөніндегі мәселелерді көтерді. Ерлан Сүтемгенов жер алу жөнінде, Жусанбай Тыныбеков ауызсу мәселесін көтеріп, халыққа сапалы су берілу керектігін сұрады. Аудан әкімі көтерілген мәселелер ретретімен шешімін табатындығын жеткізді. Қойылған сұрақтарға ауданнан барған тиісті мекеме, бөлім басшылары да нақты жауаптарын қайтарды.

Ауыл әкімдерінің тұрғындармен кездесулеріне арнайы қатысқан ЖРЭК мекемесі директорының орынбасары Дәурен Масимов өз саласына қатысты ақпаратпен бөлісіп, сауалдарға жауап берді.

Сарысу мен Борсеңгір ауылдарында өткен кездесулерден кейін аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдады.

Жасұлан АЯШЕВ