Жерлес ақынмен жүздесті

Сарысу ауылдық кітапханасында «Ақын – елдің ардағы» атты кездесу кеші аясында поэзия патшалығына өзіндік үнімен келген талантты жас ақын Абай ОРАЗ өз өлеңдерін оқып, оқырман қауыммен пікірлесті. Шырайлы кешке әкім аппаратының қызметкерлері, өзге де бюджеттік мекемелер мамандары, ақсақалдар мен мектеп оқушылары арнайы шақырылды.

Кездесу барысында Абай жерлестеріне өзінің тұңғыш жыр жинағы «Бебеу» кітабын таныстырды. Ауылдық округ әкімі Сәтжан Құрманбаев жас ақынға ыстық лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жамсап Әшенов ақынға Шамған Рахметовтың «Бірлігі жарасып, береке дарыған ауыл» кітабын сыйға тартып, ақ батасын берді.

Өз кезегінде мектеп оқушылары ақынға көңіл төріндегі сауалдарын қойып, оларға тұщымды жауап берілді. Кездесу қонақтары да кеш иесіне ізгі тілектерін білдіріп, сый-сияпаттарын тарту етті.

Абай ақын жиналған қауымға «Бебеу» кітабын өз қолтаңбасымен ұсынды.

Мағыналы басқосуда жас буынды өрнегі мол ойлы жырларды оқуға бейімдеу, қаламгерлер өмірін өнеге тұту, сол арқылы елі мен жеріне сүйіспеншілігін арттыру мақсатына белгілі бір деңгейде қол жеткізілді.

Қарлығаш ЖҰМАНҚЫЗЫ,

Сарысу ауылдық кітапханасының кітапханашысы.