Қызметтегі алғашқы ұстазым

Адам баласының көкейінде ерекше бір құрметпен, сыйластықпен жатталып қалатын тұлға болатыны – заңдылық. Танымал қаламгер Көбейсін Еңсебаевтың қайтыс болғанын естігенде, менің көз алдымнан алғаш рет редакция табалдырығын аттаған сәттерім тізбектеліп өте берді. Көбейсін ағай менің еңбек жолымдағы алғашқы ұстазым еді. Сонау 1975 жылы аудандық «Ұлытау өңірі» газеті редакциясына қызметке қабылдап, еңбек кітапшама қол қойған болатын.

Қарапайым, түсі жылы, адам баласын жатырқауды білмейтін кісі еді. Сонымен қатар, ұжымдағы қызметкерлерге талап қоя білетін, газет жұмысын жақсы меңгерген білікті басшы болды. Екеуміз бір айдай ғана қызметтес болдық. Кейін ол кісі Жезқазғанға ауысып, орнына Төлеухан Оразбеков есімді ақадырлық азамат келді. Аз ғана уақыт қызметтес болсақ та, Көбейсін ағайдың жарқын, биязы бейнесі есімде қалды. Редакция мен баспахана ардагерлері бейнеленген мына сурет, аудандық газеттің 70 жылдық мерейлі тойында түсірілген екен. Суретке соңғы түсуіміз екенін кім білген?! Өкінішті-ақ!

Гүлдариға СЫЗДЫҚОВА,

 зейнеткер, газеттің бұрынғы жауапты хатшысы.